Ақшаңыздың аз болуына себеп боп тұрған осылар
Біздің проблемаларымыздың көпшілігі өз басымыздан екенін психологтар айтып жүргелі қашан. Сонда да тағдырдың сынағы деп санауды, маңдайымызға жазылған деп ойлауды қоймаймыз.
Тағдыр деген тылсымның барымен келісуге болар, алайда ақша тұсында емес. Сіздің табысыңыздың аз не көп болуы, ақшаңыздың берекелі не берекесіз болуы тек өзіңізге байланысты.
Ендеше, көпшілігіміздің санамызға сақталып, ойымызға орнығып алған 3 қатемен таныс болыңыз. Өзіңізде де бар деп тапсаңыз, онымен күресіп, жоюға әрекет етіңіз. Сонда табысыңыз артып, ақшаңыз көбейеді.
- Кеңестік дәуірдің шектеулері
Кеңестік дәуірде адамдарды жеке кәсіппен айналысуға баулымай, қоғам игілігі үшін ғана жұмыс істеуге үгіттеді. Өз бас пайдасынан бұрын мемлекеттің қызығушылықтары бірінші орынға қойылды. «Жарқын болашақ үшін», «Отан үшін» деген ұрандар аясында ұстап, «Байлар – жаман, әділетсіз, қатыгез. Кедей болсаң ғана жақсы адамсың» деген идеологияға сендірді. Солайша адамдарды тіпті жеке мүлкін мемлекет меншігіне өткізуге көндірді. Басты идея – біреу ілгері, біреу кем болмасын, бәрі тең болуға тиіс деді. Сондағы адамдардың табыс көзі тек айлық еңбекақы, жалақы ғана болды.
Сол кездегі идеологияның құрбандары арамызда әлі де көп. Бір ғана жалдамалы жұмыстың етегіне жабысып, айлық жалақыға қанағат тұтып, табыс табудың шегін жалақы мөлшерімен ғана өлшейтін санада жеке кәсіп құру туралы ой да болмайды. Жұмысына уақытылы барып-келгеніне мәз, қосымша сауда-саттықпен айналысу, хоббиін табыс көзіне айналыру, бос уақытын тиімді пайдалану турасында толғанбайды.
Мидағы осы шектеуден арылып, жалдамалы жұмыспен қатар қосымша кәсіп істеу немесе өзгеге емес, өзіңізге жұмыс істеу туралы ойланыңыз. Барлық уақытта ақша әкелетін идеялар іздеп жүріңіз. Келген идеяларды жүзеге асыра бастаңыз. Ұзамай бұрынғы жалақыңыздан бірнеше есе көп табыс табу тек өзіңізгее байланысты екеніне көзіңіз жетеді.
- Өз қалауларына тыйым салу
Бала кезінде ата-анасынан қандай да бір қалауын сұрағанда: «Тапқан екенсің! Тағы не істейін? Сенің-ақ арманың бітпейді екен. Оған ақша жоқ. Бізде ондай ешқашан болмайды» деген сияқты шектеулерді көп естігендерде өз-өзіне тыйым салу қамалы қалыптасады. Психикасында өз қалаулары, тілектерінің энергиясы бұғатталады. Сөйтіп адам өзіне бірнәрсені қалауға, армандауға тыйым салады. Әсіресе, орындалуы үшін ақша қажет болатындарды тіпті қаламауға, ойламауға тырысады. Сөйтіп, ересек болып, өз қаражатын тауып, табысына өзі иелік еткенде де қалауын орындау үшін ақша қимайды. Бірнәрсені қалағаны, армандағаны үшін бейсаналы түрде өзін кінәлайды, жазғырады. Осылайша өз қалауын қанағаттандырмағандықтан, жаңа қалаулар қалыптаспағандықтан дене жетістікке жету үшін энергиясын босатпайды. Осындай өмір салтын ұстанған адам өзі жасаған жүйенің шеңберінен шыға алмайды, қазіргіден көбірек ақшаға, жетістікке жетуге талпынбайды.
- Өз мүмкіндіктерін білмеу, өзін бағаламау
Жеке кәсіпте табысқа жету үшін өз талантыңызды адамдардың қажеттіліктеріне сата білу маңызды. Ал ол үшін кәсіби білім мен дағдыларды дамыту керек. Өзіне сенімсіздер мен ұсынысын ешкімге керек емес, пайдасыз деп санайтындар оны ешқашан сата алмайды. Еңбек нарығында өз қабілеттері мен дағдыларын сауатты түрде пайдалана білген, басқаларға өз ұсынысының қаншалықты пайдалы болатынын жеткізе білгендер ғана жетістікке жетеді.
Өзін, бойындағы қабілеттерін бағаламайтын адам еңбегі үшін жоғары ақы сұрауға ұялады, себебі өзін оған лайықты деп санамайды. Көбірек еңбекақы сұраса жұмыстан шығарады немесе ақшақұмарлығы үшін жазғырады деп ойлайды.
Өзіңізді дамытып, шеберлігіңізді шыңдаңыз. Өзіңіздің жұмыс орныңызға немесе адамдарға қаншалықты пайда тигізіп жатқаныңызды, ол үшін қанша уақыт жұмсайтыныңызды електен өткізіңіз. Келтірілген пайда, жұмсалған қабілет, уақыт, энергияны ақтайтындай ақы сұраудан қысылмаңыз. Егер сіз қалаған ақыны төлемесе, жұмыс істеуден бас тартыңыз. Білікті маман, өз ісіңіздің нағыз шебері болсаңыз, сіз айтқан ақыны төлеп, қызметіңізге жүгінетіндер қашан да табылады.
Аударған: А. Бектұрғанова,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: