Сынау-мінеу сөздерін жеңіл қабылдап үйренген өзіңізге жақсы
Өмір бойында әрбір адам міндетті түрде сынға ұшырайды. Себебі, ешқайсымыз мінсіз емеспіз. Айналамызда кемшілікті көзге түртіп көрсететін, түзегісі келетін «ақылшылар» міндетті түрде табылады.
Бірақ, біреу мін тауып, сын айтты екен деп бәрін көңілге ала беруге болмайды. Әрбір сынның тұсында өз іс-әрекеттеріңді қайта қарап, өзгерте берсең, өзіңе деген сенімнен түк қалмайды. Эмоционалдық жай-күйге де кері әсері көп. Әрі беріден соң, түптің түбінде өзіңді таппай қаласың. Ендеше, сынды дұрыс әрі жеңіл қабылдауды үйрену өте керек.
Сыншының «сапасы» қандай?
Сынды дұрыс қабылдай бастағың келсе, алдымен оны айтушы адамның кім, «сапасы» қандай екеніне мән беруді үйрен. Кейде бізге жақсы танитын, жақын адамдар ғана емес, кездейсоқ өтіп бара жатқан өзімізге түк қатысы жоқ жандар, алыс туыстар, көрші де сын айтады. Өміріңде аса үлкен орны жоқ жандардың айтқан сынының да маңызы жоқ. Оны жай ғана елемеу керек. Сонымен қатар, қандай да бір ісіңе қатысты сынды сол саланың білікті маманы, хас шебері айтса, құлақ ас. Ал басқа адамдардыкін құр сөзге балауға болады.
Дәлелдеуге тырыспа
Біреу сын айтса, өзіңдікінің дұрыс, оныкінің бұрыс екенін дәлелдеуге жанталаспа. Сыншыны сендірудің қажеті жоқ, жай ғана оның пікірімен келіспейтініңді айту жеткілікті. Мысалы, ескерту айтқан адамға сәл күлімсіреп, сабырлы үнмен «Кеңес берудің қажеті жоқ. Сізге ұнауы шарт емес. Сіз солай ойлайсыз ба? Ал менің ойымша, осылай дұрыс» деген сияқты жауап бере аласың. Бір рет қана. Қайталаудың қажеті жоқ.
Сынды сүзгіден өткіз
«Сын түзелмей, мін түзелмес» деген бар. Мақал – сынның түзу айтылу керегі туралы. Жалпы, адам сынмен өседі. Алайда, ол дұрыс айтылуға тиіс. Сындарлы сынды адекватты қабылдай білу өмірді жақсы жаққа өзгертуге көмектеседі. Жақын жанашырдың, білікті маманның пікірі мен кеңесін саралай отырып, өз нәтижеңе басқа қырынан қарай аласың. Айтылған сынды сүзгіден өткізіп, өзіңе керек деп тапқанын алып, өмірде қолданысқа енгізгеннен ешкім ұтылмайды. Ал қажетсіз деп тапқаныңды қоқысқа тастайсың ба, өртеп жібересің бе – өзің біл.
Эмоцияға емес, фактіге қара
Сын естіген кезде көптеген адамдар өзін ыңғайсыз, нашар сезінеді. Себебі, сынды дұрыс қабылдай алмаған уақытта ол негативті эмоциялар тудырады. Эмоцияға емес, нақты фактіге сүйен. Мысалы, жобаңды таныстырдың, ал тапсырыс беруші оны ұнатпағанын білдіріп, бірқатар сын айтты делік. Эмоцияға ерік беріп, нашар көңіл-күй тудырма. Жобаңның керемет екенін дәлелдеуге тырысып қызылкеңірдек болма. «Тапсырыс берушіге ұнауы үшін қай тұстарын өзгерту керек?», «Жобамды басқа қырынан, өзгеше әдіспен ұсыну қажет пе?» деген сияқты сұрақтармен ары қарайғы әрекетіңді сарапта. Немесе жай ғана тапсырыс берушіден не ұнамағанын, не қалайтынын сұрап ал. Осылайша өзіңнің кәсібилігіңді және сынды қабылдай алатыныңды көрсетесің.
Мінсіз болуға тырыспа
Мінсіз болуға кім тырысады? Сын естігісі келмейтін адам. Әсіресе, перфекционизмге бейім адамдар сынды ауыр қабылдайды. Кез келген жағдайда идеал болуға деген ұмтылыс оларды эмоционалды тұрақсыз етеді және шындықты адекватты бағалау қабілетінен айырады. Есіңде болсын, әр адамның қателесуге құқығы бар. Қателессең, айналаңда жақсы кеңес немесе бағыт-бағдар беретін адамдардың болуы – қалыпты нәрсе. Мінсіздікпен емес, мінсіз болға тырысумен күресу керек
Сынға ілігу – қылмыс емес. Сын есту – жаза емес. Ол жай ғана пікір. Біреулер орынды айтады, біреулері орынсыз ойын жеткізеді. Біреулер өзің сұрағанға дейін «бес тиынын» қалтасында сақтай алады. Енді біреулер сақтай алмай, оңды-солды шашып жүреді. Оның қайсысын қағып алу, қайсысын құлаққа ілмеу, қалай қабылдау – бәрі де тек өзіңе байланысты.
дайындаған: А. Мейірханқызы,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: