​Тұрмыс құрмай тұрып жігітті жақынырақ танудың жақсы әдісі бар

0
6 773

Бұл болашақта отбасының беріктігі үшін қажет.


​Тұрмыс құрмай тұрып жігітті жақынырақ танудың жақсы әдісі бар

Негізі тұрмыс құрмай тұрып кез келген бойжеткеннің болашақ жолдасымен талқылап алатын бірнеше сұрақтары болу керек. Ұзақ уақыт кездесіп, бірін бірі жақсы танып білеміз деген жандардың өзі отбасылы болғаннан кейін кездескен кейбір мәселелерде қасындағы таңдаған адамын танымай қалып жатады.


Ойға қонымды сұрақтар қойып, оны талқылау жігітті жақынырақ танудың жақсы әдісі. Бұл болашақ отбасының беріктігі үшін қажет. Ендеше жігітпен тойға дейін нені талқылау керектігі туралы қыздарға кеңес.


Екеуіңіздің айырмашылықтарыңыз

Мысалы, жігіт у-шуды жақсы көрмейді, ал сіз керісінше қыдырғанды ұнатасыз, демалуға дегеннемесе жігіт момын, ал бойжеткен өте пысық. мұндайда «өгіз өлмейтін, арба сынбайтындай» етіп жиі ойлануға тура келеді. Әрине ғашық, махаббаттан басы айналып жүрген жан болашақ жолдасының мінезіндегі кейбір ерекшеліктерді немесе жөнсіз әдеттерін байқамайды. Бірақ отбасылы болған соң ол әрекеттер мен мінез жүйкеге тие бастайтыны сөзсіз.


Қиын жағдайды қалай өткересіз

Қыз жігіт болып жүрген жандар бір-біріне өздерінің тек жақсы жағын көрсетуге тырысады. Ал отбасылы кезде талай тосынсыйлар орын алып жатады. Жолдасыңыздың қиын жағдайдағы әрекеті мен қабылдау әсері бұрынғыдай болмауы мүмкін. Кейбір жандар мәселені шешудің орнына қашып кетуі, ішкілікке берілуі немесе ешкіммен сөйлеспей тұйықталып қалуы мүмкін. Дағдарыс, күйзеліс жағдайлары кез келген отбасында болатынын ұмытпаңыз, одан қашып құтылу мүмкін емес. Сондықтан ерлі-зайыптылар бірігіп, команда болып әрекет етуі керек. Қандай қиын жағдай болмасын бірігіп шешуі, бір-біріне демеу болып, қолдау білдіруі қажет.


Жігітіңіздің зиянды әдеттерге көзқарасы

Ішімдікке, есірткіге немесе құмар ойындарға деген көзқарасы қандай екенін біліңіз. Кейбір жандар мұндай істерден аулақ болғанымен сондай әдеттері бар достары болуы мүмкін. Бір рет шегіп, ішіп, ойнап көруге кет әрі емес болса, бірден тоқтатуға әрекет жасау керек. Ондай құмарлықтың жылдам белең алатыны белгілі. Отбасылы болған соң бұл әйелдің соры.


Балаларға қалай қарайды

Жігітіңіздің балалы болуға деген көзқарасын біліңіз. Мүмкін ол бірінің артынан бірін бала қалайтын шығар. Ал, сіз бір, екі баладан кейін жұмысқа шыққыңыз келер немесе керісінше. Болмаса, біраз уақыт бала көтере алмай жүргенге қалай қарайды. Келешекте ұрыс-керіс болмау үшін жақсылап талқылап, пікіріңізді білдіру қажет.


Бала тәрбиесіндегі көзқарастарыңыз сай келе ме?

Бұл да маңызды мәселелердің бірі. Кейбір ер азаматтар бала тәрбиесімен анасы айналысу керек, еркектің ісі сыртта, табыс тауып беріп отыру деп біледі. Кейбір жандар ұрып-ұрсып, қатал тәрбиелеу керек деген көзқараста. Енді бірі, үлкен баланы немесе жалпы балалар ата-апасының тәрбиесінде болу қажет деп ойлайды. Бала тәрбиесіндегі келіспеушіліктер жиі орын алып жататын жағдайлардың бірі екенін ескеріңіз.


Болашақта қайда тұрасыздар

Қайда тұратындарыңызды ашық сөйлесіп, отбасын құрғанға дейін талқылап алған жөн. Болашақ жолдасыңыздың тұрақты жұмысы бар ма? Ата-анасымен бірге тұра ма? Ауылда немесе қалада. Болмаса сіздің жеке пәтеріңіз, үйіңіз болса сонда тұруға қалай қарайды?


Қаржылық мәселе

Қаражат - отбасындағы ең біз өзекті, өткір мәселенің бірі. Кез келген мәселенің бір шеті қаражатқа барып тіреледі. Ол жетпесе де, жетсе де отбасында қаражат үшін ұрыс болатыны сөзсіз. Бұрын тек ер адам табыс тауып, әйел соны жаратып реттеп отырса, қазіргі кезде үйде ер азаматының қолына қарап отыратындар жоқтың қасы. Өзі табыс тапқан соң ақшасын да өзі жаратып, есебін бергенді ұнатпайтын қыз-келіншектер бар. Сондай-ақ табысты келіншегінің қолына қарап отыратын еркектер де бар екені жасырын емес. Сондықтан отбасында қаражатты кім ұстайды? Ортақ әмиян болу керек па? Әйел жолдасына ескертпей шамадан көбірек жаратып қойса қалай болады? – деген сынды сұрақтарды міндетті түрде екеуара талқыға салу керек.


Сырт келбет

Бір-біріңіз үшін сырт келбеттеріңіз қаншалықты маңызды? Бұл қызық, біртүрлі сұрақ көрінгенмен, міндетті түрде сұралуы тиіс. Себебі, отбасылы болған соң көптеген жандардың сыртқы келбеті өзгеріп жатады. Қыздар балалы болған соң мүсінін жоғалтып толып немесе керісінше тым азып кетіп жатса, жігіттер қозы қарын байлап, шашы түсіп әбіржіп кететіндері болады. Кейбір жандар мұндай өзгеріске дайын болмайды. Сондықтан өзге қыздарға көз сала бастайды. Ал, келіншектер өзге еркекке көз салмаса да жолдасының алдында өзге біреудің сымбатын әңгіме етіп қалуы мүмкін. Ондай кезде ер азаматтың қызғанышы оянып, ауыр сөздер айтылы қалуы мүмкін. Отбасылы болмай тұрып бір-біріңізді қандай болса да қимайтындай жақсы көресіздер ме, әлде тек сырт келбеттеріңіз ғана ұнай ма? – деген сұрақ төңірегінде ойланып көргендеріңіз дұрыс.


Бір-біріңіздің достарыңызға, ата-аналарыңызға қалай қарайсыз?

Егер сіз жігітіңіздің ата-анасын немесе достарын ұнатпайтын болсаңыз, отбасылы болған соң олар ешқайда кетіп қалмайды. Тура солай жігітіңізге сіздің құрбыларыңыз, әріптестеріңіз ұнамайтын болса, тойдан кейін жағдай мүлде ушығады. Сондықтан жағдай қиындамас үшін алдын-ала талқылап, бір-біріңіздің айналаңыздағы жандарға құрмет, сыйластық таныту туралы келісіп алыңыздар.


Сіз үшін отбасылық өмір қаншалықты маңызды?

Отбасын құру үшін екеуіңіз де өзгеруге толық дайынсыздар ма? Бұл қиын, бірақ басқаша болмайды.

Қыздардың көпшілігі ер азамат отбасын құрған соң басылады, өзгереді деп көп нәрсеге көз жұма салады. Әрине, көзқарастың әртүрлі болуы ол жігіттен алшақтау немесе тойды тоқтатуға себеп емес. Бір-бірін шынайы жақсы көретін жандар қиындықты бірге жеңіп, бірінің ашуында екіншісі үнсіз қалуды біледі. Егер өзіңіз үшін аса маңызды нәрселерде жігітіңізбен көзқарасыңыз тым алшақ болса, онда тұрмысқа шығу жайлы тағы бір ойланып көріңіз. Себебі ересек адамның өз ойынан, пікірінен өзгеруі өте сирек кездеседі.


Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.