Батыс өңірі "шаш алу" тойын неге бір жаста тойлайды?

0
23 494

бала бір жасқа келген кезде "адам қатарына қосылды" деген ниетпен баланың қарын шашы алынады екен.


Батыс өңірі

Өткен айда "Батыс аймақтағылар балаға ""шаш алу" тойын жасайды екен" деген видеоларды желіде бөлісіп, түрлі пікірлер жазылып, біраз жұрт таң қалысқан еді.

Бірақ бұл Маңғыстау жұртының бұрыннан ұстанып келе жатқан дәстүрі екен. Бұл туралы толық білу үшін сол өңірдің жергілікті тұрғыны, ұл-қыз өсіріп, немере көріп отырған Бибіажар әжемізге хабарласқан едік.

Ол кісінің айтуынша, бала бір жасқа келген кезде "адам қатарына қосылды" деген ниетпен баланың қарын шашы алынады екен.

Бибіажар әже: "Біз Маңғыстаудың бұрыннан келе жатқан жергілікті тұрғынымыз. Бізде бала бір жасқа келгеннен кейін қарын шашын алады. Оған дейін алуға болмайды. Жасқа толған кезде "адам қатарына қосылды" деп шашын алады. Қарын шашты алғаннан кейін оны тастауға болмайды, домалақтап-домалақтап сақтап қояды, болмаса баланың бір жеріне тағады. Ол іштен шыққан шашы болғандықтан киелі саналады. Қазіргі тойларда шашын нағашысы алып жүр. Оны біздің жерге кейін көшіп келгендер шығарды. Ал Маңғыстаудың өз жұрты өмірді біраз көрген, өсіп-өнген әулеттің ер адамына алдыратын болған. Бір жасқа толған кезде ат шаптырып, үлкен той жасап шаш алған кездер де болған. Қазір әркім өз шамасы келгенінше той жасап жатады. Әдетте шаш алатын адамның балаға деген өз арнайы сыйлығы болады.

Өзімнің үлкен немерем қазір бірінші сыныпта. Оның шашын нағашысына алдырған болатынбыз. Бізде ол кісіге арнайы сыйымызды көрсеттік".

Анамыздың айтуынша, шаш алудың да тәртібі бар. Алдымен "маңдайы ашық болсын" деген тілекпен маңдай тұсындағы шашын қияды. Одан соң басының төрт бөлігінен шаш кесіп, тілек айтады.

"Шаш алу" рәсімі біткен соң тойға келген қонақтар балақайдың көрімдіктерін бере бастайды. Қазір шаш алу тойының соңы, тұсау кесермен жалғасатын болған.

Десе де, бұл ырым басқа өңірдегілер үшін таңсық екені жасырын емес. Өйткені олардың көбі сәби шашын қырық күннен кейін алу керек деп түсінеді. Бірақ әр өңірдің өзіне тән ерекшеліктері болары хақ.

"Шаш алу" тойынан үзінді.


Фото-видео желіден алынды.

ERNUR.KZ.