Келіннің бетін топ болып ашу сәнге айналды (видео)

0
4 254

Түрлі-түрлі той көрсеңіз де, келіннің бетін үш жігіт қатар ашқан той көрмеген боларсыз?!


Келіннің бетін топ болып ашу сәнге айналды (видео)

Беташар тойдың форматын өзгертіп, ерекшелік алып келген жігіттердің видеосы әлеуметтік желіде тез тарап кетті. Оны ұнатқандар да, сынға алғандардың да саны жетерлік. Төмендегі видеоны көрген желі қолданушыларының бір бөлігі «Дәстүрді қорлады», «Беташарды түрлендіруге болмайды!», «Дұрыс емес, салт дәстүріміз бойынша бір адам ашу керек. Бір адамның бетін неше адам ашу керек?» деген сыни пікірде болса, енді бір бөлігі керісінше жігіттерді тойға жаңалық алып келгені үшін жақтайды. Яғни «жалықтырмайтын, заманауи бет ашатын» жігіттерді тойына шақырғысы келгендер де табылады.


Біз өз кезегімізде жігіттердің өздерімен пікірлесіп көрмек болып хабарласқан едік. Желіні шулатқан бұл жігіттер осы кезге дейін концерттер мен байқауларға қатысып жүрген кәсіби өнерпаздар.

Думан, Дастан, Нұрболат атты жігіттерден құралған "Шабыт" атты топ, атауларын өздері оқыған оқу орнымен байланыстырып қойыпты.

Концерттер мен мерекелік кештерден өзге, тойға шығып жүрген жігіттергі бірде осы идея пайда болады. «Тойға шығып жүрген кезімізде ақылдаса келе үш домбырамен, үш стилде, әр өңірдің мақамына салып, ата бабадан келе жатқан дәстүрді бұзбай, заманауи бағытта халыққа қызық сыйлайық деп осылай бет ашып жүрміз» деген жігіттер бет ашудың бұл формасы тойдағы жаңалық болғандықтан, халық жақсы қабылдап жүргенін айтады.

Өзіндік стильмен дараланып жүрген жігіттер тойдан кенде емес, десе де бет ашу үшін алатын қаламақысының нақты соммасы жоқ. Кейде той иесінің «Рақметі» үшін де шығатын кездері болады-мыс. Сондықтан да болса керек, бұл жігіттердің ерекшелігін жылы қабылдап, тойына шақырғысы келетіндер көп. Ал сіз беташарды үш жігіттің бірге ашуына қалай қарайсыз?

Фото жеке мұрағаттан.

Видео желіден алынды.

ERNUR.KZ