Той жасаудағы бәсекелестік. Ысырап. Қоқысқа кеткен нан...

0
6 313


Той жасаудағы бәсекелестік. Ысырап. Қоқысқа кеткен нан...

Той-халықтың қазынасы, бағзыдан қалған мұрасы. Қазақтың отбасында қандай да бір қуаныш бола қалса, ата-дәстүрден аттамай жақындардың басы қосылып, ақ дастархан жайылған. Ақ түйенің қарны жарылып, ірі қараның еті қазанға асылған екен. Бауырсағын пісіріп, құрт-майын ұсынатын болған қонақтарға. Сары қымызын сарқа құйып, шұбатын сапырып берген. Ал, бүгінгі тойдың сиқы қандай?

Бәсекелестікке бет алған қазақтың бүгінгі тойын ысырапшылдыққа теңеп жататындар аз емес. Себебі неде? Неге ысырап дейді? "Барлығы өз орнымен", "қолынан келсе, қалтасы көтерсе жасай берсін" дейтіндер де бар.

Дегенмен, сіз бен біз болып бір тойдың қаншалықты шығын екенін байқап көрейік.

Қазақтың асыл ұлы мен ақмаңдай қызы бас қосып, шаңырақ көтерді делік. Алдымен - "тәтті шәй". Екі жастың туғандары жолығысып, келісімге келеді. Тойлары қашан, қайда, және қай деңгейде боларын білісуге. Дұрыс делік.

Алдымен қыздың ұзатылу тойы ұйымдастырылады. Бұрындары қызды тек өз шаңырағынан ғана ұзатып салса, ол үрдіс қазір мейрамханада атқарылатын болған. Ол да шығынсыз өтетін той емес. Ұзатылар қыздың көйлегінен бастап, оны күйеу жігіттің қолына апарып тапсыратын "жеңгелерге" дейін қазір ақша тұрады. Ән-биі, асабасы тағы бар. Бүгінде босаға аттағалы отырған қыздың тойы алдында қыз-келіншектер жиналып, "девичник" ұймдастыру сәнеге айналды. Ол да аз шығын шығаратын жерде өтпейтіні белгілі.

Хош, қыз ұзатылып, жатжұрттық болады. Өзгенің босағасын аттап, беташар жасалады. Екі жақтың әулет үлкендері бір-бірін шақырып, құдалық болады (құдалықтың артық, кем тұстарын кеңінен тарқататын боламыз), қалың мал беріп, қыз дүниесі жөнелтіледі. Әрине, әр отбасы өз шама-шарқына, қалта қалыңдығына қарайтыны айдан анық. Ал, енді көптен көткен той келіп жетті.


Екі жастың өмірінде болатын ең бақытты күнінде ештеңеден аянып қалмаймыз дейтін ата-ананың қобалжитын сәті. Міне, қазақтардың қателігі де осы шығар. Қалыңдықтың ақ көйлегі мен күйеу жігіттің соңғы брендтегі костьюмі, шамамен, тойға кететін қаражаттың үштен бірін алады. Бұл жолы жастардың күндізгі серуеніне кетер шығынға қоспай-ақ қояйық дедік. Себебі, көп жерде бірлігі мықты жолдас-жора шығынды өтейді.

Хан сарайындай мейрамханаларға тоқталсақ. Көпшіліктен, жаңа құдалардан ұят деп жақсысын таңдауға тырысамыз. Бәсекелестік дедік қой. Көршісі тойға 200 адам шақырса, бұл жастардың ата-анасы 400 адам шақыруға тырысады. Өйткені, "қалып кетпеу" керек. Ақыны адам басына шағып алатын мейрамхананың бағасын есептегенде, ойланып қаласың. Қаржысы жетіп, асып-тасып тұрса, кәнекей. Сол ұяттың салдарынан несие алып, қарызға батып жатқандар қанша.

Әрмен қарай, мейрамхана ішін безендіру. Тірі гүлдермен көмкеріп, ауа шарларымен безендірілген ортада ертегілер әлеміне енгендей боласың. Қазіргі сәнде, қонақтар отыратын үстелдер мен естелікке суретке түсуге арналған баннер, осыған қоса жоғарыда айтылған безендірулер, барлығы бір түсте болуы. Тіпті, қалыңдық қолындағы гүлі мен жігіттің кеудесіне тағатын әшекейі де сәйкес болуы керек екен.

Айтпақшы, бүгінгінің тойы Love Storу-сыз өтпейді. Әншілер шақырылған, бишілер дайын, асабасы сақадай сай болып тұр. Бұл кісілердің де тегін келмесі белгілі жайт.

Енді дастархан мәзіріне тоқталайық. Ысыраптың көкесі осы дастарханда деседі көпшілік. Үсті-үстіне қойылған ыстық ас пен салқын тағамдар кіргенде көздің жауын алады. Жемістер, тәтті тоқаштар мен кепкен жемістер, тіскебасарлар да бір дастарханда. Алайда, оның бәрінің асқазанға жол тартпасы анық. Жеп отырған ыдысыңның ішіндегі азын-аулақ қалдықтарды алып кетеді, даяшылар. Мұны тазалыққа, жақсы қызмет көрсетуге балайды, кейбірі. Дегенмен, бірден қоқысқа тасталынатын қалдықтардың ішінде нан да, етте бар. Обал деп осыны айт. Бір ғана адам емес бақандай 400 адамның ішіп-жегенін көз алдымызға елестетсек, көңілге кірбің ұялайды.

Ал, қонақтар жақсы отырды, билеп бір сергіп алды. "Өзім тойса мда, көзім тоймады" деп ішкенін ішіп, қалғанын сөмкеге салып алады, біздің қазақ. Бұрынғының сарқыты ғой енді. Бір өзгешілігі, той иесі емес өздері бір сөмкеге барлығын араластырып салып алатынын қайтерсің.

Той бітті. Дастархан үстінде ештеңе қалмады десек, қателескеніміз. Не қалды деп ойлап отырған шығарсыз? Әрине, көкөністер жиынтығы, салқын тағамдардың бетіндегі көк шөптер. Оларды ешкім жемейтінін білсе де сән үшін қояды тойшыл қауым. Сонымен бірге, ас атасы - нанды байқаймыз, өкінішке орай. Қонақтардың ең қасиетті деп тапқан асы мен адам ағзасына ең пайдалы өнімдердің тойда ысырап болатыны көңілді түсіреді. Олар да, ақшаға сатып алынған ғой...


Не десек те, қалай десек те той барысы осылай өтеді. Кез-келген қуанышты ұлан-асыр тойға айналдырып жіберетін қазақпыз ғой. Тереңінен үңіліп зерттеп, бағасын шығармасақ та, біраз шығынның бар екенін білгендейміз. Ең бастысы, екі жас бақытты да баянды ғұмыр кешсін деп тілейміз.

Келісесіз бе? Әлде, ысырапшыл тойға қатысты өз айтарыңыз бар ма? Пікіріңізді жазып, ойыңызды білдіре отырыңыз.

Г.Әмірәлі,

ERNUR.KZ