"Үнді киносын көп көргендер": Әжелер жас келінді тойдың ортасында отпен аластады (видео)

0
2 303

Енді бірі мұны Аллаға серік қосу деп біледі.


Инстаграм желісінің қолданушылары жас келінді отпен аластаған апа-әжелерді сынға алып, мұны үнді сериалдарын көп көргеннің салдарына теңеді.

Желіде жарияланған бұл бейнежазба үйлену тойларының бірінде түсірілген болса керек. Онда ақ жаулықты аналар жас келінді ортаға алып, отпен аластау салтын жасайды. От табымен жас келіннің бет-жүзі мен қолын, кеудесін аластаған әжелер мен қоршап тұрғандар ниет етіп бет сипайды.

Мұны желі қолданушыларының көбісі "үнді сериалын көп көргендерге" балап, шетелден келген салтқа жорыды.


Бірі "Бұл үнділердің салты еді ғой. Енді қазақтарда қолданатын болған ба?", "Үнді киносын көп қараған болар" десе, енді біреулері "Үлкен кісілер үнді киносы көп көреді... жарасып тұрған жоқ, масқара" деген сынды пікір жазыпты.

Сан пікірдің арасында салтты орындау кезінде жас келіннің иығы ашық көйлекпен отырғаны да көптің көңілінен шыға қоймаған тәрізді.

Десек те, желі қолданушыларының арасында отпен аластау салтының ежелден бар екендігін және мұның жас отбасының отының өшпеуі, жын-шайтанның үйір болмауы үшін жасалатынын айтқандар да бар. Арасында діни көзқарастылар да бұған қарсы пікір жазғандары байқалады.

Айта кетейік, қазақ салтында жаңа түскен келінді отпен аластау көп аймақта әлі күнге дейін бар. Сонымен қатар, келін босағаны алғаш аттағанда отқа май салдырып, "шаңырағымның оты өшпесін" деген ниет етеді.