Ордабасыда жергілікті тұрғын құрылысы бітпеген үйінен ер адамның мәйітін тапқан

0
1 053

Жәбірленуші ер адам 40 жастан асқан жергілікті тұрғын екендігі анықталды.


Ордабасыда жергілікті тұрғын құрылысы бітпеген үйінен ер адамның мәйітін тапқан

иллюстрациялық фото

Түркістан облысы Ордабасы ауданында жергілікті тұрғын құрылысы бітпеген үйінен ер адамның мәйітін тапқан, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Жұрттың жағасын ұстатқан сұмдық жағдайды ол Ордабасы аудандық полиция бөліміне хабарлаған. Түркістан облысы полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының криминалистері мен Ордабасы аудандық полиция бөлімінің басшылығы оқиға орнына жеткен.

Қанды оқиғаға қатысы бар күдікті бұрын екі рет сотты болған. Жазасын өтеп шыққанына көп бола қоймаған күдікті жәбірленушінің туысы дейді ауылдастары. Қаныпезердің қолынан мерт болған ұлының денесін көрген қарт анасының жүрегі ұстап ол да көз жұмған.

"Жедел уәкілдер тексеру кезінде үй ішінен 45-50 жас шамасындағы, зорлық-зомбылықпен өлтірілген ер адамның мәйітін тапты. Қылмыс орнын мұқият қарап шыққан полицейлер айғақты заттарды тәркілеп алды. Жәбірленуші ер адам 40 жастан асқан жергілікті тұрғын екендігі анықталды. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары оқиғаның толық мән-жайын анықтауда,"- деп мәлімдеді Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полицейлердің жүргізген жедел-іздестіру жұмыстары барысында күдікті анықталып ұсталды. Кісі қанын мойнына жүктеді деп күдіктелген адам Ордабасы ауданының тұрғыны боп шықты. Ол бұрын Алматы қаласында ҚР ҚК-нің 126-бап «Бас бостандығынан заңсыз айыру», 178-бап «Тонау» бойынша сотты болған. Полицейлердің мәлімдеуінше, күдікті кінәсін толық мойындаған. Қазір қамауда отырған күдіктінің үстінен ҚР ҚК нің 99 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.