Шымкент: Биыл 50 көшеге орташа жөндеу жұмысы жүргізіледі

0
1 849

​Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкентте биыл 50 көше орташа жөндеу жұмыстарынан өтеді. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ERNUR.KZ хабарлайды.


Шымкент: Биыл 50 көшеге орташа жөндеу жұмысы жүргізіледі

Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкентте биыл 50 көше орташа жөндеу жұмыстарынан өтеді. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ERNUR.KZ хабарлайды.

Жолдарды орташа жөндеу жұмыстарына биыл бюджеттен 710 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді. Ағымдағы жылдың ақпан айында жолорташа жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша мемлекеттік сатып алудың электрондық байқауы өткізілген болатын. Нәтижесінде жөндеу жұмыстарын 5 мердігер компания жүзеге асырмақ. Жөндеуден өтетін көшелер қатарында Дамбовая, Қошқарбаев, Ақынов, Ибрагим ата, Арал, Қайтпас-1 шағын ауданындағы Береке көшесі, Майлин, Қарабура, Қаратал, Арғымақ, Серікбаев, Наурыз және тағы да басқалары бар. Жөндеуден өтетін жолдардың барлығы 31,5 км қашықтықты құрайды.

Орташа жөндеу жұмыстары аясында жолдың асфальт қабатын қалпына келтіру және жол жабындыларын түзету, сондай-ақ, бұзылған жол төсемдерін және басқа құрылыстарды қалпына келтіру секілді шаралар атқарылатын болады.

Ақпарат ретінде айтар болсақ, былтыр шаһарда 91 көшеге күрделі және орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 12 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынған. Қазіргі таңда қала аумағында жалпы ұзындығы 1506 шақырым жол асфальтталған, 1080 шақырым тас, 296 шақырым топырақ жол бар. 2018 жылы бюджеттен ұзындығы 15 шақырым болатын магистральды 8 көшенің құрылысына 5,3 млрд теңге бөлінеді. Сонымен қатар 136 шақырым ішкі орам жолдарын жөндеу жоспарланды. Сонымен қатар биыл Бекжан базары аумағындағы жол өткелінің құрылысын аяқтау және Бадам өзені үстінен өтетін автожол көпірін қайта құру жоспарланған.