ТҮРКІСТАН: 15 жаңа нысан пайдалануға беріледі

0
1 297

Өткен жылы 9 нысан салынды.


ТҮРКІСТАН: 15 жаңа нысан пайдалануға беріледі

Жалпы Түркістан қаласындағы құрылыстар екі аймаққа бөлінген. Олар: әкімшілік-іскерлік және рухани-мәдени орталық. Аймақтарда қазіргі таңда 15 мәдени-әлеуметтік нысан салынып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған құрылыстар 2020 жылы толық аяқталады деп жоспарлануда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметін өткен брифингте облыстық Сәулет және қала құрылысы басқарма басшысының міндетін атқарушы Бақтыбай Дүйсебеков мәлімдеді.

«Құрылысы жүріп жатқан «Әкімшілік-іскерлік орталықта» 8 нысан бар. Олар: жабық бассейні бар спорт кешені, 7000 орындық стадион, Оқушылар сарайы, Департаменттер үйі, Басқармалар үйі, Конгресс холл, Цифрлық кеңсе, Аттракциондар саябағы. Ал «Рухани-мәдени орталықта» 7 нысан: Яссауи мұражайы, «Ұлы Дала» орталығы, Қолөнер шеберлері орталығын қайта жаңғырту, Ғылыми-әмбебап кітапханасы, Драма театры, Тұңғыш Президенті саябағы, Арбат. Бұдан өзге, «Рухани-мәдени орталығында» «Керуен Сарайының» құрылысы басталды», - деді Бақтыбай Елікұлы.

Айта кетерлігі, өткен жылы 9 нысан салынды. Олар: Облыс әкімдігінің ғимараты, Қабылдау орталығы, Неке қию сарайы, Халыққа қызмет көрсету орталығы, Амфитеатр, Музыкалық субұрқақ, Музыкалық мектеп, Олимпиадалық резерв мектебі, Шығыс моншасы.

Сонымен қатар, Түркістан қаласында жеке инвестициялар есебінен туристерге лайықты сервистік қызмет көрсететін «Rixos», «Нұр-Әлем», «Hampton by hilton» атты қонақ үй кешендері бой көтеруде. Аталған нысандардың құрылысын ағымдағы жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Бұдан өзге, Қ.А.Яссауи кесененің буферлік аумағында абаттандыру жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ, аумағы 20 гектарды құрайтын Б.Саттарханов даңғылы бойындағы желілік саябақтың құрылысы аяқталған.

Өткен жылы басқарма облыс бойынша аудандық, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімдері тарапынан 81 253 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның ішінде, ҚР аумағында жылжымайтын мүлік объектілерінің мекен-жайын айқындау бойынша 74 145 анықтама, 2 809 сәулет-жоспарлау тапсырмасы беріліп, 4299 эскиздік жоба келісуден өткізілген.