​Түркістан қаласында халықаралық театр фестивалі өтеді

0
750

Жалпы, бүгінгі таңда Түркістан облысында 678 мәдениет және өнер мекемесі жұмыс істейді.


​Түркістан қаласында халықаралық театр фестивалі өтеді

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев баяндады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгінде Түркістан қаласы нағыз мәдениет пен руханияттың орталығына айналып келеді. Өйткені мұнда соңғы екі жылда бірнеше жаңа мәдени нысандар бой көтерді.

Олардың қатарында Облыстық қазақ драма театры, «Ясауи» музейі, «Ұлы дала елі» мен «Қабылдау» орталығы, Конгресс-холл, Амфитеатр сынды ғимараттар бар.

Бұдан бөлек, облыс орталығында қазақ хандары мен билері және «Түркі әлемі» орталықтары, Түркістан облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
«Биыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 және Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларына орай Түркістан қаласында жаңадан салынған облыстық драма театр мекемесінің алдына Әбу Насыр Әл-Фарабидің, ал «Оқушылар сарайы» мекемесінің алдына Абай Құнанбайұлының ескерткіштері орнатылды. Сонымен қатар, соңғы 9 айда облыстағы 24 музейде 2000-нан аса онлайн іс-шара ұйымдастырылып, 3369 дана жаңа экспонат жинақталды. Нәтижесінде облыстағы музейлердің жалпы қоры 173 986 данаға жетіп отыр», - деді Әзімхан Серікұлы.
Сондай-ақ, биыл ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына орай, Отырар ауданында композитордың өзі тұрған үйінен «Ш.Қалдаяқов» музейі ашылды. Басқарма басшысы келесі жылы Түркістан қаласында Халықаралық театр фестивалі өтетіні жоспарланып отқандығын жеткізді.
Жалпы, бүгінгі таңда Түркістан облысында 678 мәдениет және өнер мекемесі жұмыс істейді. Оның iшiнде: 390 кiтапхана, 251 клуб, 24 музей, 2 кәсіби театр, 5 саябақ, 2 орталық, 1 облыстық филармония, 1 көркемсурет галереясы, 1 «Оңтүстікфильм» мекемесі, 1 «Түркістан сарайы» концерттік мекемесі бар. Жыл басынан бері коронавирус індетінің шектеу шараларының талаптары сақтала отырып, Түркістан облыстық мәдениет басқармасының ұйытқы болуымен 10 облыстық деңгейдегі клубтар мен кітапханаларда, музейлерде 9 мыңнан астам іс-шара өткізілген.