ТҮРКІСТАН: "Халық сақшылары" жасағына 700-ден астам ерікті қосылды

0
813

Полиция қызметкерлерімен бірге кезекшілікте тұруға кірісіп кетті.


ТҮРКІСТАН:

Түркістан облысында "Халық сақшылары" жасағы жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында еріктілер төтенше жағдайдың алғаш күнінен бастап өңірдегі қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлестерін қосуда. Облыс бойынша олардың қатары 700-ден асты. Арасында қыздар да бар. Тәртіпсіздікке жол бермей, елдің тыныштығын күзетуге ниет білдірген азаматтармен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев кездесіп, алғысын білдірді.


"Ел ішінде болған тәртіпсіздік кезінде сабыр танытып, ел тыныштығын ойлап, атсалысқан барша азаматтарға алғыс айтамын. Сіздер секілді алғашқы күннен бері ел қауіпсіздігін сақтау жолында күн-түн демей жұмыс жасап жатқан полиция қызметкерлеріне қолдау көрсететін жастар жетерлік екені қуантады. Біз қашан да тыныштықтың, ынтымақтықтың жолында сақшы бола білуіміз керек. Өз ойымызбен жүруіміз керек. Біздің облысымызда жағдай тұрақты. Оған үлкен себепкер болған — халқымыздың жоғары патриоттық сана - сезімі. Жер - жердегі ақсақалдардың белсенді жұмысы және өздеріңіз секілді абыройлы бастап, спортшылардың асталысуы. Әлі де қауіп сейілген жоқ. Арандатушылар болуы мүмкін. Оған біз тек бірлігіміздің арқасында тойтарыс беруіміз мүмкін", - деді Өмірзақ Шөкеев.


Түркістандық жастар, қоғам белсенділері, танымал спортшылар мен спорт мектептерінің ұстаздары және өзге де сала мамандарынан құралған «Халық сақшылары» елімізде жүргізіліп жатқан анти-террорлық операцияларды қолдайтындарын, мәселені сабырмен шешу керектігін жеткізді. Азаматтар елді лаңкестерден қорғау үшін тұрғындарды бірлікке үндеп, күш біріктіруге шақырды.


Атап өтсек, еріктілер топтарға бөлініп күндізгі уақытта полиция қызметкерлерімен бірге кезекшілікте тұруға кірісіп кетті. Облыстық полиция департаментінің өкілдерімен тығыз қарым - қатынаста бірлесіп, жұмыс істеуге ниет білдірген еріктілер облыс арасындағы блог-бекеттердегі сақшыларға ыстық тағам таратуда.