Нұр-Сұлтан қаласында өтетін ақтық сайысқа жолдама алу үшін ойын көрсетеді.
Арыстық теміржолшылар аймақаралық жарыста жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Арыс белгі беру және байланыс» дистанциясының ұжымы Тараз қаласында өткен «Қазкөліккәсіп-2021» теміржолшылар футбол лигасының кубогы турнирінде футболдан жеңімпаз атанды. Аймақаралық деңгейде өткен жарыстың үшінші кезеңіне Шымкент, Тараз, Қызылорда командалары бақ сынасты.
Теміржол саласындағы ұжымдар мен кәсіподақ белсенділері арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткізілген турнирге Арыс қаласындағы белгі беру және байланыс дистанциясының ұжымынан он адам қатысты. Теміржолшылардың шеберлігімен қатар, ынтымақ-бірлігі де сынға түскен турнирде Арыс қаласының теміржолшыларынан құралған команда шеберлік танытып кубокты жеңіп алды.
«Жарыстың жұмыстан тыс демалып, әріптеспен тиімді уақыт өткізуге септігі көп. Мұндай игі шара алдағы кезде де өтеді деген сенімдеміз», – дейді Арыс белгі беру және байланыс дистанциясының электромеханигі Игіліков Ғалымжан.
Енді арыстықтар қазан айының 14-15 күні Нұр-Сұлтан қаласында өтетін ақтық сайысқа жолдама алу үшін ойын көрсетеді. Аймақаралық бәйге Шымкент қаласында өтеді.