Түркістанға Германияның бас консулы келді

0
896

Кристиана Маркерт Германия елінің белді компанияларының Түркістан өңірін дамытуға бағытталған жобаларға қатысуға дайын екенін айтты.


Түркістанға Германияның бас консулы келді

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев Германия Федеративті Республикасының бас консулы Кристиана Маркертпен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Тараптар екі жақтың сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және инвестициялық ынтымақтастығын нығайту мүмкіндіктерін, бірлескен жобаларды жүзеге асыру жолдарын талқылады. Сондай-ақ облыс басшылығы қонақтарды өңірдің экономикалық және туристік әлеуетімен таныстырды.

«Қазір Түркістан нағыз құрылыс алаңына айналған. Көне шаһарда әлеуметтік-мәдени нысандармен қатар халықаралық әуежай, "Ұлы Жібек жолы" Ұлттық қол - өнер орталығы, конгресс-хол, "Керуен Сарай" туристік кешені, "Риксос" және "Хилтон" сынды әлемдік стандартқа сай қонақ үйлер мен басқа да ғимараттар бой көтеруде. Өңіріміздің осынау әлеуетін және Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы тығыз қарым-қатынастарды ескере отырып, біз барлық сала бойынша ынтымақтастықты дамытуға дайынбыз»,- деді облыс әкімінің орынбасары.

Кристиана Маркерт өз кезегінде екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды арттыруға барынша қолдау көрсетіп, Германия елінің белді компанияларының Түркістан өңірін дамытуға бағытталған жобаларға қатысуға дайын екенін айтты. Түркістан облысында Еуроодақ елдерінің компаниялары ат салысып жатқан 8 жоба жүзеге асуда. Олардың арасында Eni, Urbasolar сияқты танымал компаниялар бар.

Айта кету керек, өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Германиямен сыртқы сауда айналымы 1,4 млрд. АҚШ. долларын құраған. Елімізде неміс компанияларының қатысуымен 900- ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың арасында Linde AG, HeidelbergCement, BASF, Knauf, Siemens, Wilo, Metro Cash and Carry, CLAAS сияқты ірі компанияларды атап өтуге болады. Соның арқасында соңғы 4 жылда екі елдің кәсіпорындары арасында 2 млрд. еуродан астам қаржының бірлескен жобалары жүзеге асырылған.