Кірлеген "дубленканы" тұзбен тазалайды

0
3 486

Тонды да тазалау орталығына бермей өзіңіз жуып алсаңыз болады.


Кірлеген

Салқын ауа-райында сырт киімдер жылдам кірлейді. Әсіресе, қар, жаңбырлы күндерде, лай-батпақта былғанып жатады. Кірлеген сырт киімді жуу оңай шаруа емес. Сондықтан көбіне химиялық тазартуға береміз. Бірақ, ол біраз қаражат қажет етеді. Төмендегі кеңестермен қалтаны жұқартпай, сырт киімді үй жағдайында өзіңіз тазартып алсаңыз болады.


Сырт киімді жуған кезде бүлдіріп алмау үшін мына ережелерді сақтаңыз:

  • Кір жуудан бұрын затбелгіні жақсылап қарап алу керек. Затбелгіде киімнің күтімі жайлы нақты ақпарат жазылады. Өндірушінің ұсынымын бұзуға болмайды.
  • Сырт киімдерді жуудан бұрын заттарды дұрыстап дайындап алу керек. Қалтасындағы артық заттың бәрін шығарып, алынбалы элементтердің барлығын шешіп алу керек.
  • Егер киімді кір жуатын машинаға салатын болсаңыз, онда жуу ережесін дұрыс қою керек. Көбіне сырт киімді ыстық емес суда жуады және сыққан кезде жылдамдығын азайтып қояды.
  • Жуу құралы ретінде ұнтақ емес сұйық концентратты пайдаланған дұрыс. Сұйық құралдар ыстық емес суда тез ериді және мата талшықтарынан жақсы шайылып кетеді. Мембранды мата және су тартпайтын киімдер үшін арнайы гелдер болады.
  • Таза теріден тігілген тонды, дубленка мен теріден тігілкен күртешелерді жууға тыйым салынған.

Дегенмен, барлық сырт киімді тек бір жолмен ғана жууға болмайды. Киімнің түріне, матасына қарай оны жуу тәсілі мен күтімі әртүрлі болады.


Пиджак

Пиджактар сымбатты жақсы көрсетіп, әдемі тұру үшін көбіне тығыз матадан тігіледі. Сондықтан оларды ыстық суда жууға болмайды. Олай болған жағдайда бүлінеді немесе пішіні өзгереді.

Егер кетуі қиын дақ болса, оны тазартпас бұрын киімнің сыртқа көрінбейтін жеріне дақ кетіргішті жағып көру керек. Тек содан кейін ғана пиджакты толық тазартуға көшіңіз.

Егер өндіруші киімді кір жуатын мәшинеге салуға рұқсат берген болса, онда сығатынды қоспай жуыңыз.


Тон

Таза теріден тігілген тонды көбіне химиялық тазарту орталықтары ғана тазартады. Тонды үйде өзіңіз тазартқыңыз келсе, онда өндірушінің ұсынымын ескеру керек. Ең бастысы қолмен жусаңыз да, кір мәшинесіне салсаңыз да тонның сыртын ысқылауға болмайды.

Қолмен жуған кезде 40 градусқа жетпейтін жылы суға салып, жібітіп қойыңыз. Қатты кірлеген жерін (жағасы, жеңі, қалтасы) жұмсақ сорғышпен (губка) тазартып алу керек.

Тонды суда жарты сағаттан көп ұстауға болмайды. Жуу үшін тек қана сұйық жуу құралдары қолданылады.


Пальто

Пальтоның кез келген түрін үй жағдайында жууға болады. Кашемир, драп және жүннен жасалған пальтолар жоғары температурадан "қорқады". Сондықтан судың градусы 30 дас жоғары болмағаны дұрыс.

Пальтоны да щеткамен ысқылауға болмайды. Дақ тиген жерді жұмсақ сорғышпен тазартып алу керек.

Жуғаннан кейін суын сығуға болмайды, өзі сырғып кеткені дұрыс. Мүмкіндік болса қолмен жуған жөн.


Куртка және пуховик

Куртка және пуховик пальто мен тонға қарағанда оңай жуылады.

  • Егер кір жуатын мәшинеге салатын болсаңыз, онда «деликатная» немесе «биопух» бағдарламасына қойыңыз.
  • Ішіндегі толықтырғыш түйдектеліп қалмас үшін жуу кезінде 2-3 теннис добын салып жіберу керек.


Дубленка

Дубленканы кір жуу мәшинесіне салуға болмайды. Егер дубленка табиғи материалдан жасалған болса, онда оны құрғақ немесе ылғалды тазарту жасаған дұрыс.

Құрғақ тазарту кезінде дақты кетіру үшін ұнтақ жарма, тұз, нанның жұмсағы немесе резина щетка керек.

  • Ұнтақ жарманы кірлеген жерге сеуіп, қолмен дөңгелектеп ысқылаңыз.
  • Кейін ылғалды шүберекпен сүртіп алыңыз.
  • Қатты кірлемеген болса тұз немесе нанның жұмсағымен тазартыңыз.



Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.


Септик тез толып қалмау үшін жанына қараөрік өсіріңіз