Көгалды (газон) ыстық ауа-райында да егуге болады

0
3 676

Ыстық мезгілде егудің де пайдасы бар


Көгалды (газон) ыстық ауа-райында да егуге болады

Көгал есіктің алдына ерекше сән беретіні белгілі. Сондықтан болар жер үйде тұратын кез-келген жан есіктің алдын жөнге келтіргенде көгал егуге тырысады. Бірақ көпшілігіміз үйдің жөндеу жұмыстарын көктемнен бастаймыз. Алайда ондай кезде гүл мен көгал егу жұмыстары кейінге шегеріліп, күннің ыстығына қалып жатады. Сөйтіп "күннің ысып кеткен кезінде көгал егуге бола ма?" деген сұрақ туындайды.

Әрине, ауа-райы ыстық болып тұрған кезде де көгалды өсіруге болады. Төменнен көгалды күннің ыстығында қалай өсіруге болатыны мен оның күтімі жайлы біраз мәліметтер біле аласыздар.


Алғашқы кезең

Ең алдымен топырақты дайындап аламыз. Негізінен көгал кез-келген топырақта өсе береді. Бірақ жылдам әрі әдемі, тегіс өсуі үшін топырақтың құрамын біраз өзгерту керек. Егер топырақ сазды болса, онда оны аударып қарашірік, құм және шымтезек (бірдей мөлшерде) қосу керек, ал егер топырақ құмды болса, онда оған топырақ қосқан жөн.

Топырақтың құрамын анықтау үшін қолыңызға азырақ топырақ алып оны домалақтап көру қажет. Егер топырақ жақсы домалақтанып нығыз болса, онда ол топырақ ауыр. Оған аздап құм немесе шымтезек араластыру керек. Ал топырақ домалақтанып, бірақ шашылып кетуге дайын болса, онда ол жақсы, қалыпты. Егер домалақтауға көнбей шашылып қала берсе, топырақ тым жеңіл. Мұндай топырақта судың тұруы қиын. Сондықтан оған тығыз топырақ қосу керек.

Егер жер құнарсыз болса, онда оны 50см тереңдікте аударып, оған пайдалы компоненттер – шымтезек, қарашірік, құм араластырған жөн. Сондай-ақ топырақтың беткі қабатынан 50 см алып тастап орнына дайын топырақ тастауға болады. Сонымен бірге мұндай кезде топыраққа тыңайтқыштар жиынтығын және өсуін жылдамдататын қоспалар қосуына болады.

Басқа жағдайда топырақты қоқыстан тазартып, өсімдіктердің тамыры мен тастарды алып тастап, тегістеп дайындайды.


Топырақты кеуіп қалудан сақтау

Күннің ыстығында суғарылған топырақ өте тез кебеді. Ал көгалдың жақсы шығуы үшін бұл зиянды. Сондықтан бірінші кезекте топырақты тез құрғап кетуден сақтау керек. Ол үшін:

30см тереңдікте жерді қазып топырағын алып тастаңыз. Қазылған жерді тегістеп, қалың қағаз немесе бірнеше қабат етіп газет төсеу керек. Мұндай қабат ауаның еркін өтуіне кедергі келтірмейді. Бірақ ылғалды жақсы ұстайды. Картон қағаздар алдымен ылғалды өзіне жақсы сіңіріп, кейін жаймен қайта шығарады. Сондықтан өсімдікке ылғал жеткілікті болады. Топырақ қатты құрғамай ылғалды болып тұрады. Қысқа қарай қағаздар шіріп, топыраққа араласып кетеді.


Беткі қабатты тегістеу

Картонның бетіне шығарып тастаған топырақты салып, жақсылап таптап нығыздау қажет. Таптау үшін үстіне балаларды ойнатуаға болады. Тапталған топырақты тармамен тырмалап артық қоқыстарды тазалап тастаған жөн. Топырақ өте майда біркелкі болса, көгал да тегіс болып шығады.


Егу жұмыстары

Күннің ыстығы бірден ұрып тастамас үшін көгалды кешкі салқында еккен жақсы. Егуді бастамас бұрын топырақты жаңбырлатып жақсылап суғарып алған жөн. Су топыраққа шамамен 5 см тереңдікке дейін сіңуі керек.

Егер топырақтың бетіндесу көлшіктері болса, онда егуді топырақ суды сіңіріп, құрғағанша тоқтата тұру қажет. Топырақ суды толық сіңіріп болған соң дәнді сеуіп шыққан дұрыс.

Егер көгал жасайтын жер кішкентай болса, онда алдымен шетіне сепкен жөн.Тек содан кейін ғана толықтай шашылса, көгал біртегіс әдемі шығады.

Егіп болған соң бетіне құрғақ топырақ немесе шымтезекті жақсылап, тегістеп сеуіп шығу керек. Бірақ үстінен су шашудың қажеті жоқ, құрғақ күйінде қалғаны дұрыс. Осылай дәннің ылғалды топыраққа сіңуіне әсер етеді.


Күннен қорғау

Көгалды еккен соң күннің көзі күйдіріп жібермес үшін бетін мата емес ақ материалмен жапқан жөн. Ол күннің сәулесін кері тебеді, топырақты қатты қызып кетуден сақтайды.

Дәнді еккен соң күніне екі рет – таңертең және кешке бетіндегі ақ матаның сыртынан суғарып тұру керек. Дұрыс және үзбей суғарылған кезде алғашқы өскіндер бір аптада шыға бастайды. Шөп 3 – 4 см болағамнша тиіспеу керек. Себебі алғашқы шөпөте әлсіз болады. Сондықтан қатайып қою жасыл түске енгенде ғана бетін тегістеп қырыққан жөн.

Сонымен қатар күннің ыстық кезінде егілген көгалға тыңайтқыш пен қоректендіргіш заттар берудің қажеті жоқ. Олар күннің сіулесімен бірге шөпті қуратып жіберуі мүмкіін.

Күннің ыстық мезгілінде егілген көгал, қысты жақсы өткереді. Сондай-ақ күн ыстықта екккенің тағы бір пайдасы – шөп шықпаған жерлерге қайталап себуге болады.


Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.


Тағы оқыңыз: Сұйық майдың сапасын білгіңіз келе ме? 5 тәсілмен үйде анықтаңыз