​ПЛАСТИК ыдыстар АУЫР ДЕРТКЕ душар етуі мүмкін

0
2 786

Пластиктен жасалған ас үй керек-жарақтары пайдаланылған соң, уақыт өте зянды заттарды бөлуі мүмкін.


​ПЛАСТИК ыдыстар АУЫР ДЕРТКЕ душар етуі мүмкін

Қазіргі кезде пластик ыдыстар үй-тұрмыстағы қажеттіліктердің біріне айналған. Ыңғайлы, қолжетімді пластик ыдыстар әсіресе асүйде көбірек пайдаланылады. Түрлі жартылай дайындалған тағамдар, кептірілген көкөністер мен жемістер немесе піскен тағамдарды да пластик ыдыстарға салып тоңазытқышқа қойып жатамыз. Тіпті су ішетін ыдыстарымыз да пластик бөтелкелер.

Алайда көптеген зерттеулер нәтижесі пластик ыдыстардың тек пайдалы ғана емес, денсаулық үшін қауіпті жағы да бар екенін көрсеткен. Жиі пайдаланатын пластик ыдыстардың қандай зиянды және пайдалы жақтары бар, пайдаланған кезде неге мән беріп, нені ескеру керек?


Пластик ыдысты қандай материалдан жасайды?

Пластиктен жасалған ас үй керек-жарақтары пайдаланылған соң, уақыт өте зиянды заттарды бөлуі мүмкін. Зиянды заттардың бөлінуі пластик ыдыстың қандай материалдан жасалғанына байланысты.

  • Полиэтилентерефталат-полимер – экологиялық таза материал саналады. Ол бір реттік қолданылатын ыдыстарды және су, тұздық, май құюға арналған бөтелкелерді жасау үшін қолданылады.
  • Пластиктің ішінде қауіпті саналатыны – меламин. Оның басты ерекше қасиеті заттың түрі фарфор секілді тартымды болады. Қауіп салдары жоғары болғандықтан көптеген мемлекеттер меламиннен ыдыс өндіруге арнайы тыйым салған.
  • Полиэтиленнің әр түрінен дайындалатын ыдыстар да өзінің кең ассортиментімен танымал. Олардың қатарына көптеген пластикалық контейнерлер, ұзақ пайдалануға болатын тәрелкелер және асқа арналған пленкалар жатады.
  • Салқындатылған сусындарға, сусымалы заттарға және бөлме температурасындағы азықтарға арналған ыдыстарды полистиролдан жасайды.
  • Жоғарғы 130-140 градустағы ыстықты көтере алатын заттар полипропиленнен жасалады. Бұл материалдан жасалған ыдысты тұмшапешке тамақ ысытып алуға пайдалануға болады.


Пластик ыдыстың пайдасы

  • Алыс жолға, тауға шыққанда пластик ыдыстар өте қажет-ақ. Жеңіл, мығым және көп орын алмайтын ыңғайлы.
  • Пластикалық керек-жарақтар, ағаштан жасалған ыдыстардан басымырақ түсуде. Мысалы, турауға арналған тақта. Ағаш тақталарға қарағанда пластиктен жасалғандар өткір заттарға шыдамдырақ келеді және патогенді микрофлордың көбеюіне жол бермейді.
  • Егер пластик ыдыс барлық талаптары сақталған танымал өндіруші өнімі болса, онда денсаулыққа зиянды деп қорқудың қажеті жоқ.
  • Сондай-ақ пластикалық ыдыстарды орынды пайдаланатын болса, онда оның денсаулыққа тигізер қаупі де азаяды. Тек ол үшін тұтынушы ыдыстың жарамдылық мерзімі, қолданылуы туралы білгені дұрыс.


Пластик ыдыстың зияны

Пластиктер негізінен табиғатта ешқандай зиянды емес. Бірақ кейбір материалдар өзге заттармен араласқанда белгілі бір кемшіліктер пайда болады.

  • Таза күйінде пластик өте нәзік келеді. Сондықтан көптеген ас үй ыдыстарын өндірушілер тұрақтандырғыш (стабилизатор) қосады. Салдарынан ыдыс мықты болғанымен, зиянды затты да бөледі.
  • Ыдыстан бөлінген винилхлорид те ауруға себеп болады. Бұл зат поливинилхлоридті ыдыстар ескірген кезде бөлінеді. Ағзаға түскен кезде бірден хлорэтиленге айналады. Мұндай өзгеріс нәтижесі мида, бауырда, өкпеде, қантамырларда ісіктің пайда болуына алып келеді.
  • Егер пластик ыдыстардың сақтау ережесін және жарамдылық мерзімін ескерусіз қалдырсаңыз, онда тағамға химиялық қоспалар араласуы мүмкін. Бұл ағзаға кері әсерін тигізетіні сөзсіз.
  • Пластик ыдыстан бөлінетін формальдегид көп жағдайда онкологиялық және аллергиялық ауруларға себеп болып жатады. Сондай-ақ орталық жүйке жүйесінің, қуық пен бүйрек жұмысын бұзады.
  • Ал егер фталат бөлінсе, онда ол әйел мен ердің белсіз болып қалуына және қан қысымының жоғарылауына алып келеді.
  • Сондай-ақ тағы бір улы заттың бірі – метанол. Ол созылмалы улануға алып келеді.
  • Жүкті келіншектер бисфенол А-дан сақтануы керек. Егер бұл зат ағзада жиналатын болса, онда ол қант диабетіне ұшыратады.


Пластик ыдысты пайдалануға арналған кеңестер

Пластик ыдыстан улы заттың бөлінуінен сақтануға болады. Ол үшін бірнеше ережені сақтау жеткілікті.

  • Пластик ыдысты аса бір қажеттілік болмаса қолданбау.
  • Ыдыста арнайы белгі болса да, лажы болса тамақ жылытпаған дұрыс.
  • Қандай да бір себептермен сызаттар түскен пластик ыдыстарды мүлде пайдаланбау.
  • Пластик ыдыстарды тікелей күн көзі астына қалдырмау.
  • Ыдысты қатты темір қырғыштармен жумау.


Дұрыс пайдаланылмаған пластик ыдыстар көптеген ауруға себеп болуы мүмкін. Мұндай жағдайға ұшырамас үшін ыдыс-аяқты пайдаланғанда мұқият болған жөн.


Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.


Балалар жөргегін тоңазытқыш ретінде пайдалануға болады.


Едендегі паркет ісініп кетсе не істеу керек?