САУДАЛАСА БІЛЕСІЗ БЕ? Ақша үнемдеу үшін лайфхак

0
4 582

Тауар иесі 30 пайызға дейін жеңілдік жасай алады.


САУДАЛАСА БІЛЕСІЗ БЕ? Ақша үнемдеу үшін лайфхак

Тауар бағасын төмендетіп алу үшін саудаласу кейбір жандар үшін қиын іс. Сатушыны ренжіткісі, сараң көрінгісі келмейді немесе өзіне сенімсіз. Алайда қаражат үнемдеуде қысылатын ештеңе жоқ. Бастысы сатушы да, өзіңізде риза болатындай етіп дұрыс саудаласа білу керек.


Сауда жасау уақытын дұрыс таңдаңыз

Егер сауданы жәрмеңкеден немесе жаймадан жасайтын болсаңыз, онда түстен кейін барыңыз. Сатушы қалған тауарлардан жылдам құтылуға тырысады. Ал базарға немесе кішірек дүңгершікке баратын болсаңыз, онда күннің бірінші жартысын таңдағаныңыз дұрыс. Ондағы сатушылардың көпшілігі күнімен жақсы сауда болсын деген ниетпен, алғашқы сатылым үшін біраз жеңілдік жасай алады.


Қарапайым киініңіз

Егер колыңызда, мойныңызда қымбат брендтегі әшекейлер мен киім киіп алсаңыз, ақшаңыздың аз екеніне ешкім сенбейді. Сонымен бірге оған дейін алған тауарларыңыздың бағасы жайында айтып қоюға да болмайды. Сауда жасауды жоспарлаған кезде қарапайым (тым жұпыны емес) киінген дұрыс.


Жағдайды бағалаңыз

Сауда жасамай тұрып, сатушының кім екенін түсінуге тырысыңыз. Егер сатутшы жалданған жұмыскер болса, оның бағаны көбірек түсіруге мүкіндігі жоқ. Олар ары кетсе 10 пайыз жеңілдік істейді. Ал тауар иесі 30 пайызға дейін жеңілдік жасай алады.


Жеңілдік туралы тікелей сұраңыз

«Қандай жеңілдік бар», «Бағасын қанша түсе аласыз» деп тіке сұраған дұрыс. Ашық сұраққа анық жауап ала аласыз.


Өз жағдайыңызды айтыңыз

Жеңілдік керек екенін көрсете біліңіз. Мысалы, қалтаңыздағы осы айға деген ақшаның соңғысы екенін айтыңыз. Тағы бір нұсқа – осы затты жақсы бір жақыныңызға алып беріп жүргіңіз келгенін, бірақ дәл қазір ақшаңыздың шамалы жетпей тұрғанын жеткізіңіз.

Бастысы, аяушылығын оятам деп шектен асып кетпеңіз. Егер дұрыстап жеткізудің жолын таба алмасаңыз, «»жеңілдік жасап, мені құтқарып жіберіңіз» деп сыпайы айтып көріңіз.


Өзге елдерде қалай саудаласатынын біле жүріңіз

Мысалы, қытайлықтар үшін саудаласу – өнер саналады. Ол жақта заттың бағасын саудалассаңыз міндетті түрде алуыңыз керек.


Үнсіздік

Саудаласу кезінде шамалы үнсіздік қажет. Бастысы сенімсіздік танытып тұрғандай түр танытыңыз. Саудаласып жатып шамалы үнсіз қалу, сатушыны мазасыз күйге түсіреді. Егер осыдан кейін жеңілдік жасамаса, қайтадан өз нұсқаңызды айтыңыз.


Сатушыға тауарын сатып алу арқылы көмектесіп жатқаныңызды көрсетіңіз

Жеңілдік тек қана сатып алушыға емес, сатушыға да жақсы көмек. Сатушыға осыны жеткізіңіз. «Енді үнемі сізден алатын боламын», «таныстарыма айтамын» деген секілді сөздер айтыңыз.


Ашудан аулақ болыңыз

Сатып алу кезінде "жеңілдік жасамаймын" десе, ашу шақырып жүрмеңіз. Бұл жағдайды қиындатады. Тауардың сапасына да, сатушыға да сын айтпаған дұрыс.


Өз ойыңызды бірден жеткізіңіз

«Мен осындай қаражатқа есептеп келіп едім» деп өз ойыңыздағы бағаны айтыңыз. Мұндайға ақшам жетпейді-ау деп екіұшты айтқаннан, осынша қаражатым бар деп ашығын айтқан жөн. Алдымен өз ойыңыздағы бағадан да төмен айтыңыз. Саудаласып өз ойыңыздағы бағаға келгенде келісіңіз.


Немқұрайлық танытыңыз

Тауардың қажет болып тұрғанын білдірмеңіз. «Бұл маған қажет еді», «мұны тек сізден ғана таптым», «басқа жерде сатпайды ма» деген сөздерді мүлде айтпағаныңыз дұрыс. Ұстамдылық танытыңыз және немқұрайлық білдіріңіз. Әлі алатын-алмайтыныңызды ойланып тұрғандай түр танытыңыз.


Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.