ТҮРКІСТАН: Жетісайлықтар өзекті мәселелерді көтерді

0
408

Жетісай ауданын дамыту бағытындағы жұмыстар туралы айтты.


ТҮРКІСТАН: Жетісайлықтар өзекті мәселелерді көтерді

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Жетісай ауданы тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының аудан, қала тұрғындарымен кездесуі жоспарға сай өтіп жатыр. Бұл жолғы халықпен кездесу Жетісай ауданында өтті. Тұрғындармен басқосуда аймақ басшысы өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Жетісай ауданын дамыту бағытындағы жұмыстар туралы айтты.


“Президентіміз жаңа экономикалық үлгіге өту бойынша бірқатар тапсырма берген болатын. Оның ең бастылары – инвестиция тарту, яғни жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашу. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемді пайдалану мақсатында су үнемдейтін технологияларды кеңінен қолдану. Сонымен қатар ауылдық жерлерді дамыту мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Жетісай ауданында 2023 жылы 16 елді мекенде 2 млрд. теңгеге 32 жоба жүзеге асырылды. Биыл 16 елді мекенде 2,8 млрд. теңгеге 16 жоба бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, ауыл тұрғындарының табысын арттыру, әл-ауқатын жақсарту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 1,5 млрд. теңгеге 245 жоба қаржыландырылды. Мемлекет басшысы орта білім беру мекемелерін сапалы жоғары жылдымдақты интернет желісімен қамтуды тапсырған. Облыста жалпы саны 330 орта білім ұйымдарын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін АҚШ-тың белгілі инженері Илон Масктің туындысы «Starlink» спутниктік интернет құрылғысын орнату жұмыстары басталып, бүгінде 329 мектепте орнатылды. Бұған дейін осы 329 мектептегі интернеттің жылдамдығы секундына 20 мегабитке жетпейтін болған. Қазіргі уақытта 200 мегабитке жетіп, сапалы қызмет көрсетіліп жатыр. Оның ішінде Жетісай ауданында 22 мектеп толық іске қосылды. Осы айда Президентіміздің бастамасымен республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Акция аясында елді мекендерді көгалдандыру, абаттандыру және тазалық жұмыстарын қолға алынып отыр. Бұл жұмыстар менің жіті бақылауымда. Осы кездесуді пайдаланып, Сіздерді ең алдымен өздеріңіз тұратын ауланы, көшені таза ұстауға, үйлеріңіздің сыртқы келбетін ретке келтіруге, қоқыстарды ретсіз тастамауға, ағаш егуге, қоршаған ортаны таза ұстауға шақырамын”, – деді Дархан Сатыбалды.


Өз баяндамасында облыс әкімі Жетісай ауданының негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2020 жылдан бері 1,6 есеге өсіп, былтыр 174 млрд.теңгеге жетті. Биыл 3 айда бұл көрсеткіш 18,7 млрд.теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 16 пайызға өскен.


Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 38 пайызға өсіп, 2023 жылы 20 мыңнан асқан. Олардың өндірген өнім көлемі 146 млрд.теңгені құрады.


“Тұрғындармен кездесуде өңірдегі проблемалық мәселелерді бірге анықтап, олардың шешу жолдарын қарастыруымыз қажет. Аудандағы кейбір салаларда кемшіліктер де бар. Мәселен, 2023 жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 25,4 млрд.теңгені құрап, жоспар орындалуы 60 пайызды ғана құраған. Жетісай ауданы бойынша ешқандай инвестициялық жоба жүзеге асырылмаған. Ауыл шаруашылығының өнім көлемі өткен жылы 118 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі тиісті басқармамен бекітілген жоспардан 2 пайызға кем орындалған. Осы мәселелердің барлығы ауданнның әлеуметтік экономикалық дамуына кері әсерін тигізеді. Бұл бағыттардағы жұмысты жүйелеп, күшейтуіміз керек”, – деді облыс әкімі.


Жиында аудан әкімі Серік Мамытовтың ауданда 2023 жылы атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалды.


Еркін форматта өткен кездесуде тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді ашық айтты. Атап айтқанда, кездесуде жетісайлықтар инфрақұрылым жүйелерін реттеу, баспана алу, кәсіпкерлік қолдау, субсидия, жер телімі және өзге де мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.


Дархан Сатыбалды сұрақтарға жауап беріп, тиісті басшыларға көтерілген мәселелерді заң аясында шешуді тапсырды.


Кездесу соңында ауданға инвестиция тарту, кәсіпорындар ашу, тұрғын үй және ағын су мәселелерін шешу бойынша да нақты тапсырмалар міндеттелді.