Зейнеткердің шыңды бағындыруына және қайта түсуіне тоғыз күн кеткен.
ERNUR.KZ. АҚШ тұрғыны Энн Лоримор 89 жасында ең биік тау шыңдарының бірі – Килиманджароны бағындырып, әлемдік рекорд орнатты, деп жазады ҚазАқпарат.
Айта кетер болсақ, бұдан бірнеше жыл бұрын зейнеткер әйел осы тау шыңына шыққан еді. Бірақ оның рекордын арада екі ай өткен соң өзгелер жаңартты.
Содан кейін Лоримор Килиманджароға қайта шығуға бел буған.
Кейуана шыңға шығар алдында құлап қалғандығын, одан әрі жүре алмай қаламын ба деп қорыққандығын жасырмады.
«Қабырғам қатты ауырғандықтан, терең тыныс ала алмадым. Мен егер жеткілікті оттегіні жұта алмасам алға жүре алмайтынымды сезіндім»,- деп мәлім етті ол.
Дегенмен Лоримор шыңға жете алды. Оның айтуынша, шыңды бағындыруға және қайта түсуге тоғыз күн кеткен.