Коронавирус пандемиясы әлемдегі есірткі трафигін төмендетті – БҰҰ

0
822

Героин мен кокаиннің заңсыз жеткізілуінің азаюы қара нарықта есірткі тапшылығына алып келді.


Коронавирус пандемиясы әлемдегі есірткі трафигін төмендетті – БҰҰ

ERNUR.KZ. Коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күрес үшін мемлекеттер қабылдаған шаралар есірткі өндіру көлеміне әсер етті, деп жазады ҚазАқпарат.

Есірткі және қылмыс жөніндегі БҰҰ басқармасының баяндамасында айтылғандай, әлемдегі жағдай есірткі трафигінің бағыттарын өзгертуге әкеп соқты.

«Халықаралық әуе рейстерінің тоқтатылуына байланысты синтетикалық есірткіні, атап айтқанда метамфетаминді заңсыз жеткізу тізбегі үзілді. Есірткі сатушылар контрабанданың баламалы бағыттарын іздестіре бастады, оның ішінде ағыны құрлық арқылы өтетін героинді де іздей бастады. Қазір героинді де кокаин сияқты теңіз арқылы тасымалдауға тырысады. Еуропа порттарында үнемі кокаиннің ірі партиялары, ал Үнді мұхитының жағалауындағы елдерде героин мен басқа да есірткі түрлері тәркіленеді», - делінген баяндамада.

Героин мен кокаиннің заңсыз жеткізілуінің азаюы қара нарықта есірткі тапшылығына алып келді. Сарапшылар бұл есірткіні тұтынуды азайтуға көмектеседі деп үміттенеді. Бірақ екінші жағынан, олар бұл жергілікті деңгейде өндірілетін басқа зиянды заттарға тәуелділіктің өсуіне әкелуі мүмкін деп қауіптенеді.

COVID-19 таралу жағдайында халықаралық сауданың төмендеуі синтетикалық есірткі өндірісінде қолданылатын прекурсорлардың тапшылығына әкелуі мүмкін.