Қатерлі вирустың таралуы 29 әкімшілік ауданында тіркеліп, расталды.
ERNUR.KZ. Қытай билігі Ухань қаласында 15 медицина қызметкерінің коронавирусты жұқтырғанын ресми түрде мәлімдеді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Алайда, дәрігерлердің қатерлі вирусты жұқтыру фактілері биліктің атаған көрсеткішінен әлдеқайда көп деп жазды South China Morning Post басылымы.
Қытай билігі Ухань қаласында белгісіз пневмония түрінің таралуы жайлы 2019 жылғы 31 желтоқсанда хабарлаған. Ал мамандар тек 7 қаңтарда аурудың қоздырғышы коронавирустың жаңа түрі (2019-nCoV) екенін алдын ала анықтады. Сол уақытқа дейін Ухань қаласының дәрігерлері вирустың адамнан адамға жұғатынын білместен, науқастарға көмек көрсетіп келген.
Сонымен қатар, РИА Новостидің мәліметінше, Қытайда коронавирустың жаңа түрінен қаза болғандар саны 25 адамға жеткен. Ал Қытайдың денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі мемлекеттік комитеті ауруды жұқтырғандар саны 830 адамға жеткенін мәлім етті.
Аса қауіпті вирустан 24 адам Хубэй провинциясында қаза болған. Ал бір адам Хэбэй провинциясында көз жұмды.
Қатерлі вирустың таралуы 29 әкімшілік ауданында тіркеліп, расталды. Вирустың таралуымен күресу мақсатында Қытай билігі үш қалада карантин енгізіп, қоғамдық көлік қозғалысын тоқтатты.