Пелоси Тайваньға сапары кезінде бірқатар мәлімдеме жасады

0
634

Нэнси Пелоси Тайвань президентіне аралға сапары АҚШ-тың Тайваньнан бас тартпайтынын анық көрсетететінін айтты.


Пелоси Тайваньға сапары кезінде бірқатар мәлімдеме жасады

ERNUR.KZ. АҚШ Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси Тайваньға сапары барысында бірқатар мәлімдеме жасады, деп жазады Tengrinews.kz.

Нэнси Пелоси Тайвань президентіне аралға сапары АҚШ-тың Тайваньнан бас тартпайтынын анық көрсетететінін айтты.

"Біздің делегация сапары Тайваньнан бас тартпайтынымызды нақты көрсетеді. "Біртұтас Қытай" саясатын құрметтей отырып, Тайваньмен ынтымақтастығымыз бұрынғыдан да маңызды. АҚШ статус-квоны қолдайды және Тайваньға бірдеңе болғанын қаламайды", - деді Пелоси Тайвань президенті Цай Инвэньмен бірлескен баспасөз мәслихатында.

Сапар нәтижесінде Тайваньға экономикалық әсер ететіні туралы сұраққа Пелоси АҚШ-тың чип өнеркәсібін нығайтуға бағытталған жаңа АҚШ заңнамасы АҚШ пен Тайвань арасындағы жақсы экономикалық алмасуға жол ашатынын айтты.

"Америка Құрама Штаттары Тайваньда әрқашан еркіндік пен қауіпсіздік болғанын қалайды және одан бас тартпайды. Сізге басшылығыңыз үшін алғыс айтамыз. Біз әлем осыны мойындағанын қалаймыз", - деді Пелоси Цайге.

Тайваньдық саясаткер, өз кезегінде, Нэнси Пелосиге осы қиын сәтте Тайваньға қолдау көрсету бойынша нақты әрекеттер жасағаны үшін алғыс айтты және арал күшейген әскери қауіп-қатерлерге қарамастан, шегінбейтінін айтты. Цай Инвэнь Тайвань АҚШ-тың сенімді серіктесі екенін және қауіпсіздік, экономикалық даму және жеткізу тізбегі саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға күш салатынын айтты.

Сонымен қатар, Тайвань министрлер кабинеті әскери күштер жауынгерлік дайындық деңгейін арттырды және билік аралдағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жоспарын жасайды деп хабарлады.

Бұған қоса, Тайвань Қорғаныс министрлігі Қытайдың әскери жаттығулары БҰҰ ережелерін бұзып, халықаралық тәртіпке қауіп төндіргенін, Тайваньның аумақтық кеңістігіне басып кіргенін және АҚШ Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелосидің сапары аясында аралдың әуе және теңіз кеңістігін қоршауға алғанын мәлімдеді.

Тайвань қорғаныс министрлігі мәлімдемесінде арал өз қауіпсіздігін табанды түрде қорғайтынын және аумақтық егемендікті бұзатын кез келген әрекетке қарсы тұратынын айтты.

АҚШ Өкілдер палатасының спикері соңғы рет Тайваньға 1997 жылы Ньют Гингрич келген. Алайда Пелосидің сапары Қытай-АҚШ қарым-қатынасының күрт шиеленісуі фонында өтіп жатыр.

Айта кетейік, Вашингтонның Тайбэймен ресми дипломатиялық қатынасы жоқ, бірақ америкалық заң бойынша оны қорғау құралдарымен қамтамасыз етуге міндетті. Қытай Тайваньды өз территориясының бір бөлігі деп санайды. Бейжің АҚШ шенеуніктерінің Тайваньға сапарын аралдағы тәуелсіздікті жақтаушыларға үміт беретін сигнал деп санайды. Тайбэй өз кезегінде Қытайдың егемендік туралы талабын жоққа шығарып, аралдың болашағын тек Тайвань халқы шеше алатынын айтады.