Ел президенті басшылардың қызметін асыра пайдалануға болмайтыны және мәжбүрлі еңбекке жол берілмейтіні жөнінде жарлыққа қол қойды.
ERNUR.KZ. Өзбекстанның премьер-министрінің ауыл және су шаруашылығы жөніндегі орынбасары Зойир Мирзаев Ташкент облысы Аққорған ауданындағы жанжалдан кейін қызметінен алынды.
27 қазанда алты ер адамның мақта алқабындағы арықтағы суда тұрған сурет әлеуметтік желіге кең таралған болатын. Суретте қатты үрейден ер азаматтардың бастарын төмен қаратып, суда тізе бүгіп тұрғанын көруге болады. Олар алқап суғарылмағандықтан, премьер-министрдің орынбасары және жергілікті шенеуніктің көзінше, осылай жазаланып тұр.
Бұл сурет көпшіліктің ашу-ызасын туғызғандықтан, Өзбекстан президенті 29 қазанда вице-премьер Зойир Мирзаевты қызметінен алды. Сол күні ел президенті Шавкат Мирзияев жауапты басшылардың қызметін асыра пайдалануға болмайтыны және мәжбүрлі еңбекке жол берілмейтіні жөнінде жарлыққа қол қойды.
Арықта тізе бүгіп тұрған алты ер азаматтың үшеуі Аққорған ауданы әкімдігінің қызметкері болып шыққан. Біреуі – махалла ақсақалы, екеуі – жергілікті фермерлер.
Сол жиында болған куәгерлердің бірі алты азаматты 40-45 минут салқын суға тұрғызып қойды, сосын ылғал киімдерімен далада жүгіртті дейді.
29 қазанда Өзбекстанның Бас прокуратурасы бұл оқиғаға қатысты кінәлілер, қызметтеріне қарамастан жауап береді деп мәлімдеді.
Дереккөз: centralasian.org/a/