Ресей Украинаның Кременчук қаласындағы сауда орталығын зымыранмен атты

0
478

Ресей зымыраны түскен "Амстор" сауда орталығы түгел жанып кеткен.


Ресей Украинаның Кременчук қаласындағы сауда орталығын зымыранмен атты

ERNUR.KZ. Ресей әскері 27 маусымда күндіз Украинананың Полтава облысындағы Кременчук қаласын зымыранмен атқылап, кемі 13 адам қаза болды, 50-ден астам адам жараланды, деп жазады azattyq.org.

Ресей зымыраны түскен "Амстор" сауда орталығы түгел жанып кеткен.

Кременчуг мэрі Виталий Малецкий "зымыран ұрыс қимылдарына мүлде қатысы жоқ адамдар көп жүрген орынға түсті" деп жазды.

Украина мәлімдемесіне қарағанда, Ресей әскері Ту-22М3 бомбалаушы ұшағы алып жүретін Х-22 зымыранын пайдаланған. Әскери ұшақ Калужск облысының Шайковка әуежайынан ұшып шығып, Курск облысының аспанында зымыран атқан.

Куәгерлердің BBC News орыс қызметіне айтуына қарағанда, шатыры ортасына түскен сауда үйінің астында әлі де көп адам болуы мүмкін. Біраз адам зымыран түсерден 15 минут бұрын дабыл дауысын естіп, сауда орталығынан шығып үлгерген.

Украинаның ресми ақпаратына қарағанда, дүйсенбі күні Ресей Кременчугті екі зымыранмен атқан, бірі сауда орталығына, екіншісі стадионға түскен.

Британия премьері Борис Джонсон "бұл шабуыл - Ресей басшысы Владимир Путиннің асқан жауыздығы мен жабайылығын білдіреді" деп мәлімдеді.

"Путин мұндай әрекеттерінен түк шықпайтынын, керісінше Ұлыбритания секілді G7 тобының барлық елдері Украинаға қанша көмек керек болса, сонша беретінін түсінуге тиіс", — дейді Джонсон.