Ресей ҰҚШҰ әскерлерінің Украина жеріне кіруі мүмкін екенін айтты

0
546

Картаполов қазір Ресейдің ҰҚШҰ бітімгершілік күштеріне мұқтаж еместігін баса айтып, "ұрыс кезінде әртүрлі нұсқалар болуы мүмкін" екенін жасырмады.


Ресей ҰҚШҰ әскерлерінің Украина жеріне кіруі мүмкін екенін айтты

ERNUR.KZ. Ресей мемлекеттік думасының қорғаныс комитетінің басшысы Андрей Картаполов Украина жеріне ҰҚШҰ елдерінің бітімгершілік күштерінің кіруі мүмкін екенін айтты, деп жазады Stan.kz.

Картаполовтың сөзінше, әскер күші соғыс біткен уақытта "ДХР" және "ЛХР" деп аталатын республикалардың (әлемдік қауымдастық, оның ішінде Қазақстан мойындамаған елдер – Ред.) аумағына да тартылуы ықтимал.

Картаполов қазір Ресейдің ҰҚШҰ бітімгершілік күштеріне мұқтаж еместігін баса айтып, "ұрыс кезінде әртүрлі нұсқалар болуы мүмкін" екенін жасырмады.

"Олардың қызметтері мен ресурсы қажет болатын нұсқаны жоққа шығара алмаймыз. Қазіргі уақытта бұған қажеттілікті көріп тұрған жоқпын, оған жағдайдың өзі де мүмкіндік бермейді. Әзірге арнайы операция жалғасып жатқан уақытта, онда ешқандай бітімгершілік күштер бармайды", – деді Картаполов.

Қазақстандағы қаңтар оқиғасы

Еліміздегі қайғылы қаңтар оқиғасы 2022 жылдың басында орын алды. Барлығы халықтың сұйытылған газ бағасының екі есе қымбаттауына қарсы жаппай наразылықтан кейін басталды. 2 қаңтарда еліміздің батысындағы Жаңаөзен қаласында басталған митингілер кейін Ақтау, Атырау және Қазақстанның басқа да қалаларында жалғасын тапты.

Алайда бейбіт шерулер кейін жаппай тәртіпсіздіктерге ұласып кетті. Қақтығыстан әсіресе Алматы қаласы қатты зиян көрді. Қаңтардың 5-і күні қарулы қарақшылар тобы қала орталығын қиратып, қала әкімшілігінің ғимараттары мен жақын маңдағы президент резиденциясын өртеп жіберді.

Полиция ғимараттарына, ҰҚК және басқа да әскери нысандарға шабуыл жасалды.

Сондай-ақ Талдықорған, Шымкент, Қызылорда, Тараз қалалары да зардап шекті.

Осы оқиғалардан кейін Қазақстан билігі бүкіл елде төтенше жағдай енгізіп, лаңкестікке қарсы операция басталғанын хабарлады.

5 қаңтар күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметті отставкаға жіберіп, Қауіпсіздік кеңесін басқарды. Ол лаңкестермен күресу үшін ҰҚШҰ-дан көмек сұрауға шешім қабылдады.

ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі елдегі жағдайды қалыпқа келтіру үшін Қазақстанға ұжымдық бітімгершілік күштерін жіберу туралы шешімге келді. Барлығы 2300-дей бітімгер әскерилер келді. 13 қаңтарда ҰҚШҰ миссиясының сәтті аяқталғаны туралы хабарланды. Қазіргі таңда бітімгерлердің барлығы Қазақстаннан шығып кетті.