Бүкіл Украинада әуе дабылы жарияланған.
ERNUR.KZ. Украинаның бірнеше аймағында жарылыс болды, деп жазады tengrinews.kz.
УНИАН ақпарат агенттігінің Telegram-арнасы мәліметінше, бүкіл Украинада әуе дабылы жарияланған. Бірқатар аймақ билігі шабуылдар туралы хабарлады. Украинаның Винница облысында "дәл тиген соққылар бар", деп хабарлады облыс әкімшілігінің басшысы Сергей Борзов Telegram-арнасында. Борзовтың хабарламасында бастапқыда "Ладыжинск ЖЭС-іне шабуыл" туралы айтылған, қазір облыс басшысы арнасында мұндай жазба жоқ екені атап өтілді.
Одесса облысында да жарылыс болғаны хабарланды. Жарылыстар Ровно облысы мен Кривой Рогта да (Днепропетровск облысы) тіркелген. Кривой Рог басшысы Александр Вилкул Telegram-арнасында тұрғындардан паналарына баруды сұрады.
Киев облысының басшысы Алексей Кулеба Facebook желісінде аймақта әуе қорғанысы жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Әуе қорғанысы жұмысы туралы Николаев облыстық әкімшілігі басшысы Виталий Ким де хабарлады.