Мектеп бітіру кеші, ата-ана немесе "Байлықта бәсекелестік" синдромы

0
4 069

Облыстың бас ұстазы осындай пікірге келгенде мектеп басшыларының ештеңе дей алмайтыны түсінікті жайт. Қала берді "сөзіңді біреу сөйлесе, тілің қышып бара ма?" дейтін қазақтың аталы сөзі бар...


Мектеп бітіру кеші, ата-ана немесе

Мектеп бітіру кешінің әр ата-ана үшін орны бөлек екенін барлығымыз білеміз. Әрине өз ұрпағының алдында қашанда жауапкершілікті сезінетін оларға перзентін мектеп бітірердегі "соңғы қоңырауынан" бастап, бітірушілер кешіне қатарынан қалмай қатыстыру оңайға соқпайтыны, қалтаға салмақ салса да қиналғанын білдірмейтін, тіпті амалсыздан баратындары да бар. Соңғы қоңырауда мектеп бітіруші түлекті ерекшелендіріп тұратын - киімі, бітіру кеші алдында серуендейтін кортеж, банкет т.с.с. Мұның бәрі қомақты қаражатты қажет етеді.

Дегенмен, бес саусақтың бірдей емес екені тағы бар. Бір мектепте әлеуметтік жағдайы әр түрлі отбасылардан шыққан балалардың бар екендігін осындайда естен шығып кететін сияқты. Бірінің жағдайы келсе, екіншісінікі келмейді. Әйтеуір баламның жүзі сынық болмасын, қатарынан қалмасын деген оймен қарызданып болса да қаражат табуға тырысады. Сонымен бір күнде лезде өте шығатын іс-шараға қыруар ақша жұмсалады. Оған әлі оң-солын танып үлгермеген жас түлектердің қауіпсіздігін қосыңыз.

Бүгінде бітіру кешіне өзгеден ерекше боп бару "көршісінің тауығын қаздай" көретін қазақ үшін жарыстың бір түріне айнлып бара жатқан сияқты.

Соңғы қоңырау қарсаңында әлеуметтік желідегі ата-аналар чатын қарасаңыз, құдды бір әлемдік қор биржасында қыруар қаржымен сауда жасап жатқан трейдерлер ме деп қаласыз. Онда баланың киіміне кететін қаражаттан бастап, мектеп директоры мен орынбасарларына берілетін ақшалай сыйлықтардың көлемі де талқыланып жатты. Оған кей атаналар қарсылық білдіруге талпынғанымен "сенен қалам ба?" деген қомағай пиғыл сабырлы сананы жеңіп бара жатты.

Өткенде ғана ОҚО Білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов соңғы қоңыраудың алдында журналистермен өткен басқосуында бітіру кештеріне ешқандай әсер ете алмайтындығын айтқан еді. Олар тек ұсыныс берумен ғана шектеледі екен. Облыстың бас ұстазы осындай пікірге келгенде мектеп басшыларының ештеңе дей алмайтыны түсінікті жайт. Қала берді "сөзіңді біреу сөйлесе, тілің қышып бара ма?" дейтін қазақтың аталы сөзі бар...

Оны қойшы, ата аналардың "баланың өмірінде бір-ақ рет" болатын бітіру кешіне дайындалу үшін орта есеппен 40 мың теңге кетеді екен. Бұл соманы аспаннан алған жоқпыз, бірнеше мектептің ата-аналарының әлеуметтік жерідегі чаттарында аталған сомына салыстырып, осындай қорытындыға келдік). Бір айта кетерлігі, сол чатта сынып жетекшілері, кебірінде мектептің оқу не тәрбие ісі жөніндегі меңгерушілері де бар. Осыған орай мектеп мұғалімдерімен тілдескенімізде олар бұл мәселеде ата-аналарға ешқандай да ықпал ете алмайтынын айтып, ақталды. Сонда, дейміз-ау, "мектепте ақша жиналады", "баламызға жөнді тәрбие бермейді" деп қит етсе мектепті жамандай шығатын ата-ана өздері ақша жинауға келгенде "өзім дегенде өгіз қара күшім бар" дегеннің кері боп кете ме? Осының бәрін санада саралағанда көз алдымызға айнаға өкпелеген адамның кейпі келе берді.

Мұндай орынсыз шығындар кейбір ата-аналар үшін өз қатарластарының алдында ұрпақтарының абыройын көтерсе, енді біреулерінің қалтасын қағып, отбасы қазынасын ойсыратып кететіні даусыз. Сөзіміздің негізсіз болмауы үшін дерек келтіре кетейік.

Мәселен 25.05.2018 ж. Шымкент қаласы Құрсай мөлтек ауданы №49 орта мектепте өткен соңғы қоңыраудағы бітірушілердің киім үлгісіне назар аударыңыз (суретте).

Байқап қарасаңыз киім үлгілері бірыңғай емес, бітіріп отырған 4 сынып 4 түсті көйлекті арнайы тапсырыспен тіктірген. Сол жердегі бітірушілердің бірін әңгімеге тартқанымызда бір көйлектің құны 18 000 теңге екенін білдік. Мұның жанында облыста жоғары дәрежелі болып саналатын Назарбаев Зияткерлік мектебін бітірушілердің киімі бірыңғай әрі мектептің үлгісіне ұқсайды (суретте).

Аты-жөнін атамауды сұраған ата-аналардың бірінің айтуынша, №49 мектеп бітірушілерінің ата-аналары директорға, оның орынбасарларына, сынып жетекшілеріне ақшалай сыйлық ұйымдастыруға келісіпті. Бұл тек осы мектепке ғана тән емес, қаладағы көптеген білім ұяларында баласы білім алып жүрген ата-аналардың арасында бар нәрсе.

Қарап отырсаңыз, барлық кінә – ата-аналардың өзінен. Бір-екеуі осындай негізсіз шығынды бастайды да, қалғандары қосылады. "Байлықтағы бәсекелестік" синдромы. Одан да олар мұндай қаражатты балаларының ақылы оқуына немесе жұмыс табуына (мәселен, бизнес ашуына) жұмсаса жақсы болар еді. Бір кеште бас-аяғы әр ата-ана 40- 50 мың, тіпті 80 мың теңгеге дейін жылу жинап кімді байытып жатыр? Баланың өмірі сонымен бітіп қала ма екен? Олар мемлекеттік грант иегері бола алмай қалса, «Қалайда оқуға түсір!» деп тағы да ата-анасын қинайды. Сонымен тағы да олардың шығындануына тура келеді.

Осындай жолмен жасөспірімді масылдыққа өзіміз үйретеміз. Ал, мектеп басшылығы, ұстаздар «Мұндай мәселеге ата-аналардың өздері жауап береді» дегенді айтып, жылы жауып қоя салады. Осы жерде тағы бір айта кететін жайт – өзге ұлт өкілдері балалары шын мәнінде оқитын болса ғана оқытады. Ал қазаққа баласы оқуға түсе алмай қалса, бітті, «позор». Сондықтан олардан қандай мамандық иесі болғысы келетінін сұрамастан кез-келген оқуға түсіре салады. Ең бастысы «оқыған» деген аты болуы керек. Ал қаражаттың күшімен әупірімдеп жүріп диплом алған жас маман өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Диплом сандықтың түбінде жатады, ал ол басқа жұмыс табады. Әлбетте біз көпке топырақ шашпаймыз, алайда көбінесе осылай болып жататыны даусыз.

Өзіміз де кезінде ешкімнен ерекшеленбей-ақ, ақ көйлек, қара шалбар киіп, соңғы қоңырау кешін өткізген едік. Содан бір жеріміз қисайып қалған жоқ, қазір шүкіршілік 12 мүшеміз сау. Бұл жөнінде И.Сағындықов мырза да өз пікірін білдірген болатын: «Бізде кезінде жан-жағымызға кілем іліп қойып, тойымызды өткізгенбіз. Биыл 35 жыл болды, бала өсіріп, немере сүйіп отырмын. Лимузин мінбесекте, ешкімнен кем болған жоқпыз. Бұл жерде қалай өткен түрі емес, өткізудегі мазмұнға көңіл бөлу керек».

Ал сіз қалай ойлайсыз патша көңіл оқырман?

ERNUR.KZ