​Шымкент билігі жабайы саудамен күресте қауқарсыздық танытып отыр

0
3 078

Әлімқұлов көшесінің бойында бірнеше мекеме, мектеп бар. Көше бойында көліктер жиі жүреді. Көлік өтетін көшеде сауда болып жатса, не болары белгілі. Адамдар еркін жүрген сауда орнында көліктің өзі «қағып кетпейінші» деп қаша жүреді. Біреуді «түртіп» кетсең, тағы да бәлеге қалғаның...


​Шымкент билігі жабайы саудамен күресте қауқарсыздық танытып отыр

Көктем келіп, жаңбырлы мезгіл басталғаннан саңырауқұлақ саудасы қызатыны белгілі. «Жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптайтын» тек саңырауқұлақ қана емес. Оны саудаға шығаратындар да көбейіп сала береді. Әрине, маусымдық болған соң кім де болса сәтті уақытты пайдаланып, табыс тапқысы келеді. Бірақ, бәрі де жөнімен, заң шеңберінде, ешкімге зияны тимейтіндей болса қанекей?!


Саңырауқұлақ саудасы қызатын орынның бірі – Шымкент қаласындағы Әлімқұлов көшесінің бойы. «Жоғарғы базардың» қарсы бетінде орналасқан бұл жерде таңертең ертемен қапталған саңырауқұлақтар түсіріліп, оны бөлшек саудамен айналысатындар көтерме бағамен әкетіп жатады. Тек саудагерлер ғана емес, арзан жерін білетін халық та саңырауқұлақ сатып алу үшін бұл жердің саудасын қыздырады.

Сауда бұл жерде кешке дейін жалғаса береді. Соған қарап бұл жер көше емес, базар болу үшін беріліп кеткендей түйіледі. Әлімқұлов көшесінің бойында бірнеше мекеме, мектеп бар. Көше бойында көліктер жиі жүреді. Көлік өтетін көшеде сауда болып жатса, не болары белгілі. Адамдар еркін жүретін "сауда орнында" көліктер «кісіні қағып кетпейінші» деп қаша жүреді. Біреуді «түртіп» кетсең, тағы да бәлеге қалғаның...


Тек ол ғана емес. Ертемен тауарын өткізіп, сауда жасаған жерін сыпырып-тазалап, ешкімге зиянын тигізбей кетіп қалса мейлі ғой. Әлімқұлов көшесінің бойындағы тротуарда саңырауқұлақ қалдықтары мен қалташалар, сусыннан босаған шөлмектер шашылып жатыр.



Әлімқұлов көшесінің бойы базар ма, ақылы тұрақ па әлде халық пайдаланатын көше ме?

Осы орайда біз көше бойында тұрған «ақылы автотұрақ» деп жазылған белгідегі «Жас Нұр» ҚҚ-нің көрсеткен телефон нөміріне хабарласқан болатынбыз. Тақтайшада бұл жердің "2017 жылы 11 шілдеде №610 қаулысы бойынша ақылы тұрақ болғаны" туралы жазу бар. Бірақ, ол нендей қаулы, оны кім қабылдаған, кіммен келісілген ? Ол туралы мәлімет жоқ. Көрсетілген телефон нөмірін тергенімізде арғы жақтан «Нөмір біздің жүйеге тіркелмеген» деген жауап алдық.

«Хош» деп Шымкент қалалық кәсіпкерлік бөлімінің нөмірін тергенімізде, ол жерде қоңырауға жауап бергу қолдары тимейтін болуы керек, тұтқаны кешке дейін ешкім көтере қоймады.

Содан соң Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының әкімшлігіне хабарластық. Кеше, 18 сәуір күні, түстен кейін сауда орнына жеткен бас маман Жасқанат Дүйсенов Әлімқұлов көшесінің бойында сауда жасауға рұқсат жоқ екендігін айтты.

-Бұл жердегілерге ескертілген, сауда жасауға рұқсат жоқ екендігі айтылған. Бірақ халық өздері шыға береді. Қадағалауға үлгермейміз, маман жетіспейді. Әкімшіліктің тарапынан күнделікті түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Базардың иелері де өздері қадағалап отырулары керек. Бұл жердің алты иесі бар, солардың өздері де қадағалауы тиіс. Әр жеке кәсіпкерлік субъектілер өздеріне тиесілі жердің айналасының тазалығын сақтап отыруы тиіс деген ереже бар. Қазір бөлімшелік полицияны да шақырдық. Бұл жерде сауда жасауға болмайтынын айтып түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз, - деген бас маманнан Әлімқұлов көшесінің бойында дәл қазіргі уақытта ешқандай ақылы тұрақ жоқ екендігін де білдік.

Егер бұл жер ақылы автотұрақ болмаса, тұрақ қызметкерлері алып жатқан ақша қайда кетіп жатыр ? Бұл жерде автотұрақ қызметкерлері жұмыс жасап жатқандығын күнде көреміз. Жасқанат Дүйсеновтың айтуынша, «Жас Нұр» ҚҚ-не берілген қаулының күші қазір жойылған, оны қайта алу үшін осы жерден ақша тауып жатқан кәсіпкер соттасып жатыр екен.

Түсіндірме жұмыстарынан кейін расында саудагерлер тауарын жинап тастап, көше ашылып-ақ қалды.

Бірақ бүгін таңертең Әлімқұлов көшесі кешегі «таз қалпына» қайта келгеніне куә болдық.

Түсініксіз болып тұрғаны – саудагерлерге базар ішінен беретін орын жоқ па әлде халыққа ортақ көшенің бойын реттеуге жергілікті әкімшіліктің расында құзыреті жетпей ме? Республикалық маңыздағы қалада саудагергерді тәртіпке келтірудің жолын таппай жатқан жергілікті әкімшілік жұмысы нәтижесі осылай болды.

Бұл ретте заңсыз саудаға жол берген базар иелері мен ол жерде сауда жасауға болмайтынын біле тұра келетін саудагерлер де заң мен қала тәртібіне пысқырмайтыны байқалып қалды. «Біреуге пайдаңды тигізе алмасаң, ең болмаса зияныңды тигізбе» деген емес пе? Қалай болғанда да көшеде сауда жасап, әрлі-берлі өткен көліктердің жүруіне кедергі жасау, халық жүретін көпшілік орында қоқыс тастағаны үшін әкімшілік жаза бар.