Несие төлемдерін шегеру жеңілдігі кімге беріледі?
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Шымкент қалалық филиалының бөлім басшысы Нұрлан Сұлтанов кредитті шегеру туралы жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
ӨТІНІМДІ ҚАШАН ЖӘНЕ ҚАЛАЙ БЕРУГЕ БОЛАДЫ?
Өтінімдер 2020 жылдың 15 сәуірінен бастап ЖССБ24 Интернет-банкингінде растайтын құжаттарсыз, шегерім алу себебін көрсеткен жағдайда қабылданады. Өтініммен банк бөлімшесіне барудың қажеті жоқ.
НЕСИЕ ТӨЛЕМДЕРІН ШЕГЕРУ ТУРАЛЫ ӨТІНІМ ҚАНША КҮН БОЙЫ ҚАРАСТЫРЫЛАДЫ?
Шегеру үшін өтінімдер 5 жұмыс күні ішінде қарастырылады. Содан кейін, сіз қарастырылған өтінім нәтижесі туралы смс-хабарлама аласыз.
НЕСИЕ ТӨЛЕМДЕРІН ШЕГЕРУ ҚАЙ ЖАҒДАЙДА БЕРІЛМЕЙДІ?
Егер 2020 жылдың 16 наурызына дейін өтелуі тиіс несие бойынша мерзімі өткен төлемдер болса.
Сіз ең алдымен мерзімі өткен қарызды төлеп, содан кейін шегеру үшін өтінім беруіңіз қажет.
НЕСИЕ ТӨЛЕМДЕРІН ШЕГЕРУ ҮШІН ҚАНДАЙ ҚҰЖАТТАР ҚАЖЕТ?
Тек толтырылған өтінім ғана керек. Растайтын құжаттар қажет емес, қосымша келісім жасалынбайды, шегеру үшін комиссия алынбайды.
НЕСИЕ ТӨЛЕМІ КЕЙІНГЕ ШЕГЕРІЛГЕННЕН КЕЙІН АЙ САЙЫНҒЫ ТӨЛЕМ АРТА МА?
Жоқ. Ай сайынғы төлем мөлшері өзгермейді.
НЕСИЕ ТӨЛЕМДЕРІН ШЕГЕРУ САЛЫМШЫНЫҢ НЕСИЕЛІК ТАРИХЫНА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?
Несие төлемдерін шегеру сіздің несиелік тарихыңызға кері әсер етпейді. Несиелік тарих шегеру үшін өтінім берген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде жаңартылады. Банк 2020 жылдың 16 наурызынан 15 маусымына дейінгі мерзімі өткен төлемдер бойынша айыппұл мен өсімпұл есептемейді.
ЕГЕР 15 НАУРЫЗ БЕН 15 МАУСЫМ АРАЛЫҒЫНДА ТҰРҒЫН ҮЙ ЗАЙМЫНА ӨТЕТІН КЕЗ КЕЛСЕ ЖӘНЕ НЕСИЕ ТӨЛЕМДЕРІН ШЕГЕРУ ҚАЖЕТ БОЛСА НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
СІЗ:
1. Бірден несие төлемдерін шегеруді рәсімдеп, үш айдан кейін тұрғын үй займына өте аласыз. НЕМЕСЕ
2. Алдымен тұрғын үй займына өтіп, содан кейін несие төлемдерін шегеру үшін өтінім беруіңізге болады.
НЕСИЕ ТӨЛЕМДЕРІН ШЕГЕРУ ҚАНДАЙ МЕРЗІМГЕ БЕРІЛЕДІ?
Несие төлемдерін шегеру клиент өтініш берген күннен бастап үш айға беріледі.
Мәселен, сіздің несиеңіз бойынша төлем мерзімі – 25 наурыз. Алайда сіз оны төлей алмадыңыз. Демек, шегеру 25 наурыздан бастап, 3 айға беріледі.
Егер сізде 16 наурыздан КЕЙІН мерзімі өткен несиеңіз болса, онда шегеру төлем мерзімі өткен күннен бастап ұсынылады.
Егер сізде 16 наурызға ДЕЙІН мерзімі өткен несиеңіз болса, онда алдымен оны өтеп, содан кейін шегеру үшін өтінім бергеніңіз дұрыс.
НЕСИЕ ТӨЛЕМДЕРІН ШЕГЕРУ КІМГЕ БЕРІЛЕДІ?
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен ерекше қарым-қатынастағы (үлестес тұлғалар) заемшылардан басқа, банкке өтінімімен хабарласқан барлық салымшыларға беріледі.