«Олар бәрін біліп отырды. Мен айқайладым, көмектесіңдерші деп жалындым. Ешқайсысы көмектескен жоқ»... Түркістандық зорланған бойжеткен оқиғаның мән-жайын баяндады.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Түркістандық бойжеткенді алып қашқан жігіт оны Шымкент қаласына апарып зорлаған. Ботадай боздаған қаракөз бұл істі полиция қызметкерлері жауып тастай ма деп қорқады.
Жәбірленуші Ұлттық қоғамдық сенім кеңсесінің мүшесі, қоғам белсендісі Айгүл Орынбектен көмек сұрады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Әділдіктің жоқтығын алға тартқан олар бұл істі Түркістан облыстық Полиция Департаменті емес, Шымкент қалалық Полиция Департаменті қарауын талап етіп отыр.
Жәбірленушінің айтуынша, бұл оқиға 2019 жылдың 3-ші желтоқсаны күні орын алыпты. Күнделікті, сабағына барып келіп жүрген қыздың жанында сол күні жеңгесі де болған. Оқу орнынан шығып, көлік күтіп тұрған сәтте жандарына келіп, өзге көлік тоқтаған. 4 жігіттің бірі қызды көтеріп машинаға салып, қайынсіңлісін құтқармақ болған аяғы ауыр жеңгесін итеріп лақтырып жіберіпті.
Жәбірленуші:
«Көлікке отырғызған соң, мені Ынтымақ ауылына алып барды. Бұл ауылда олардың туысқандары тұрады екен. Кейін Кентауға, содан соң достарымен бірге Шымкент қаласына алып барды. Алып қашу үшін олар арнайы жоспар құрып қойған. Олар қыз ұрлай беріп үйреніп қалған. Мұндай қылмыстық істерді жауып тастауға да еттері үйренген. Енді менің де ісімді жауып тастамақшы.» - дейді.
«Шымкент қаласына барған кезде досы мені екінші этажға алып шықты. Ондағы қараңғы бір бөлмеге апарып қойды. Айқайладым, ұрдым жігіттерді. Шымкентке алып барған үйде нағашысының қызы күйеуімен тұрады екен. Олар да менің келгенімді білді. Көнбей оны ұрдым, қарсылық білдірдім, тіпті 2-ші этаждан секіруге оқталдым. Бұлай абыройымнан айрылғанша, секіргенім дұрыс еді. Бірақ, ана бала ұстап қалып, түнгі 1-2 шамасында зорлады», - деп өксіп жылады жәбірленуші.
Ең сорақысы, қыздың айуынша, ол үйде екі жеңгесі болған.
«Олар бәрін біліп отырды. Мен айқайладым, көмектесіңдерші деп жалындым. Ешқайсысы кірген жоқ», - деп тұншыға жылады қоғам белсендісіне жәбір көргенін жеткізген бойжеткен.
Ол ол ма? Қыздың тағдырын күл-талқан еткендеріне қарамастан, олар тіпті өз шарттарын қойған. Қыздың намасын таптаған соң, жеңгесі бөлмеге кіріп: «Жылама болды. Болар іс болды. Енді сен мұнда қалуың керек. Қазір видео жазамыз. Сен мұнда өз аяғыммен келдім және мұнда қаламын деп айтасың. Мұны анаңа жібереміз» деген көрінеді.
Онсыз да үркіп отырған қыз, қорыққанынан видеожазбада олар айтқан сөздерді айтқан.
Ал қыздың жүзін жерге қаратқан жігіттің есімі - Рамазан. 96 жылы туылған. Бірақ оның қазір бостандықта тайраңдап жүргенін айтады ары тапталған қыз.
«Болды, сен зорланып қойдың. Не істейсің енді? Сені ешкім алмайды», - деген Рамазанның (қыздың айтуынша) жанындағы 3 жігіт белгісіз себеппен куәгерге айналыпты. Олардың айтуынша, қыз өз аяғымен Шымкент қаласына қыдыруға барыпты. Қызды Түркістаннан алып қашып, 2 тәулік бойы бірде Ынтымақ ауылына, бірде Кентауға тасып жүргендерді Түркістан облыстық Полиция Департаменті босатып жіберген. Тұрғын үйді кепіл ретінде қойған азаматты, қыздың зорланғанын медициналық экспертиза дәлелдесе де, босатып жіберген.
Осы тұста, жәбірленушіге зорлаған жігіттің айтқанын еске түсірді.
«Мен барлығын сатып аламын...» деген көрінеді қыз намысын таптап, арына күйе жаққан Рамазан есімді жігіт.
Ендігі жерде 2 айға созылған қылмыстық істің созылуынан бойжеткен күдіктенуде.
«Полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатқан жоқ. Маған сенің сөзің рас па, әлде өтірік пе?! Соны анықтау үшін, медициналық экспертиза аламыз деді. Бірақ экспертиза дәлелдеп тұр», - дейді ол.
«Денесіндегі жарақатты біз емес, артынан анасы алып кетемін деп келгенде, анасының өзі ұрды» деп күдікті істеген ісін мойындамаған.
«Жеңгелері маған зорлық болғанын анаңа айтпайсың деді. Бірақ, анам барлығын білген соң мені ол үйден алып кетті», - дейді жәбірленуші.
Мұнан соң облыстық Полиция басқармасына анасымен барып, шағымданған. 17,18 желтоқсан күні олар (қызды алып қашқан жігіттер мен зорлаған күдікті) уақытша қамауға алынса, артынан бостандыққа шығыпты. Ал бойжеткен күдіктілердің Полиция қызметкерлерін 20 млн. теңгеге сатып алғандығын айтып, ботадай боздауда.
Қоғам белсендісі Айгүл Орынбек, ұйымдасқан қылмысқа қатысқан 4 жігіт қана емес, қызды зорлағанда қарап тұрған қос жеңгесін де жауапқа тарту керек екендігін қадап айтты.
Айгүл Орынбек өзінің facebook парақшасында тікелей эфирге шығып, дәл осы мәселе жөнінде Полиция Департаментінен жауап беруін сұрады.
Бүгінгі таңда аталған жайтқа байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Оқиғаға қатысы болуы мүмкін басқа да 3 тұлғаға қатысты заңды шешім қабылданып, іс сотқа жолданатын болады. Сотқа дейінгі тергеу барысында сот-медициналық сараптама тағайындалған. Сарапшылардың қорытындысына сәйкес зорлау жайты дәлелденіп отыр. Іс аяқталған соң айыптау қорытындысымен сотқа жолданады. Күдіктілер заң алдында жауап береді.", - деп жауап берді Түркістан облысының Полиция Департаменті.