​Автокөлік иелеріне арналған лайфхак

0
3 302

Қаңтардың соңғы күндері – қыс қаһары қыспаққа алған шақ. Дәл қазір әбігерге салған бұрқасын бұғып, дауыл дамылдап тұрғанымен, бұл бәрі бітті деген сөз емес. Ақ түтегін ақтара салар ақпан енді басталды. Жаздың ыстығы мен қыстың суығында көлік жүргізудің өзіндік ерекшеліктері бар. Сонымен қатар, автокөлікке мезгілге сай күтім де керек екенін әр жүргізуші білуге және ескеруге тиісті. Қыстың қатты аязында сыртта қалған көлікті қар басып, есік-терезесі мұзбен құрсауланады. Осындай жағдайларды болдырмау үшін және бола қалған жағдайда қандай амал жасайсыз?


​Автокөлік иелеріне арналған лайфхак

Фото: www.digitaltrends.com

Қаңтардың соңғы күндері – қыс қаһары қыспаққа алған шақ. Дәл қазір әбігерге салған бұрқасын бұғып, дауыл дамылдап тұрғанымен, бұл бәрі бітті деген сөз емес. Ақ түтегін ақтара салар ақпан енді басталды.

Жаздың ыстығы мен қыстың суығында көлік жүргізудің өзіндік ерекшеліктері бар. Сонымен қатар, автокөлікке мезгілге сай күтім де керек екенін әр жүргізуші білуге және ескеруге тиісті. Қыстың қатты аязында сыртта қалған көлікті қар басып, есік-терезесі мұзбен құрсауланады. Осындай жағдайларды болдырмау үшін және бола қалған жағдайда қандай амал жасайсыз?

Есікке мұз қатпасын десеңіз...

  • Көлік есігіне мұз қатырмаудың алдын алғыңыз келсе, оның тазалығы мен құрғақ болуын қадағалаңыз. Яғни, көлікті ұзақ уақытқа қалдырар алдында есік айналасындағы тығыздауыш резеңкені қар не жаңбыр суынан арылтып сүртіп қойыңыз.
  • Есіктердің түнгі суықтан сіресіп қалмауы үшін тығыздауышты WD-40 арнайы сұйықтығымен не вазелинмен майлап қойыңыз. Бұл мақсатта спирт не ацетонды қолдануға да болады.
  • Ал, мұз қатып үлгерген есікті ашудың бірнеше жолы бар. Ең алдымен, көліктің барлық есігін тартып көріңіз. Олардың бірі болмаса екіншісі ашылуға тиісті. Олай болған жағдайда көлікті оталдырып, аз уақыттан соң ешқандай артық күш салмастан өзі ашылғанын күтуге болады.
  • Ешбір есік міз бақпаса, шара қолдануға тура келеді. Бір қарағанда, қатып қалған көлік есігі мен құлпын ыстық су құю арқылы тез ерітуге болатын сияқты көрінеді. Бірақ, бұлай жасасаңыз, мұз қабатын одан әрі қалыңдатып аласыз. Дұрысы — қайнаған суды желім ыдысқа құйып, оны құлыптың сыртынан басып ұстау. Қалтаңыздан оттық табылса, онымен кілтті қыздырып, содан соң құлыпқа салып арлы-берлі қозғап көріңіз.
  • Электр қуатын жеткізу мүмкіндігі болса, шаш кептіргіш фен де бұл мақсатқа қажетке жарап қалады. Оның көмегімен көлік құлпына ыстық ауа ағынын бағыттау арқылы тез-ақ ерітіп аласыз.

Әйнекке қатқан мұз да әбігерге салады...

Әбігерге салынбас үшін көлікті өшірерден 5-10 минут бұрын пешті сөндіріп қойыңыз. Өшірген соң 5-10 минут есіктерін ашып, ішін салқындатыңыз. Сыртқы және ішкі ауа температурасы шамалас болса, әйнекке қырау не қар тұруы мүмкін, алайда қалың мұз қабаты қатпайды.

Айна мен шыны тазартқышқа шұлық сыйлаңыз

Иә-иә, шұлықты өзімізге ғана емес, көлікке де арнап алуға болады. Тек, көліктің дөңгелегіне емес, сыртқы айнасы мен шыны тазартқыштарына кигізесіз. Ерлер шұлығы — айнаны, ал, әйелдердің капрон шұлығы шыны тазартқыштарды суықтан сақтай алмаса да, қар мен мұздан қорғай алады.

Ішкі ылғалдылық сыртқы ыңғайсыздыққа себеп

  • Көлікке отырарда аяқ киімді қағып, қардан тазартуды әдетке айналдырыңыз. Әрбір жолаушыдан да осыны талап етіңіз. Бұл — дөрекілік емес, сақтану шарасы. Расында, көлік салонына қар мен су енгізбеу көптеген келеңсіздіктен сақтайды. Мәселен, терезеңіз терлесе — төңіректі шолу қиындайды, дымқыл кілемше — көлік еденіне зиянын тигізеді, ал көктемде салонда жағымсыз иіс пайда болады. Осындай келеңсіздіктерді болдырмау үшін салонды құрғақ сақтау маңызды.
  • Көлік ішіндегі ылғалды мысықтарға арналған толтырма жақсы сіңіріп алады. Сондықтан, оны мысық үшін алмасаңыз да, көлік үшін сатып алуға болады. Бірнеше мата қалташа не шұлыққа толтырғышты салып, аузын байлап, көлік ішіне қойып қойыңыз.
  • Көлік кілемшесінің астына қалың етіп газет тастасаңыз, ол артық ылғалды еденге жібермей өз бойына сіңіріп жатады. Тек оны жиі ауыстырып тұруды ұмытпасаңыз болғаны.

Көлікке арналған күрекше

Көлікке арналған күрекше — қалтадан көп ақшаны, көліктен көп орынды талап етпейтін көмекші. Есесіне, көлік қарға тығылған жағдайда дөңгелек айналдыруды емес, қазуды бастайсыз. Бұл уақыт пен күшті көп үнемдейді.

Ешқашан артық болмайтын зат

Жол жүргенде пайдасы болмаса, зияны тимейтін, ешқашан артық болмайтын ұсақ-түйек заттардың бірі — дәретхана қағазы. Ол кез келген әйнекті, айнаны ешбір айғыз қалдырмай тазалайды.