«БІЗДІҢ ЖОЛДАР НЕГЕ ТЕЗ БҰЗЫЛАДЫ?»: Қазақстанның жолдары жайлы СІЗ БІЛМЕЙТІН деректер

0
2 493

Ал, сіз тұратын өңірдегі жол сапасы қандай?


«БІЗДІҢ ЖОЛДАР НЕГЕ ТЕЗ БҰЗЫЛАДЫ?»: Қазақстанның жолдары жайлы СІЗ БІЛМЕЙТІН деректер

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Халықаралық No News ұйымының мәліметтері бойынша, жол сапасы бойынша елдер рейтингінде Қазақстан 141 мемлекеттің ішінде 93-орынды иеленіп тұр екен. Біздің елмен Латвия, Ресей, Қырғызстан және Украина мемлекеттері қатар тұрса, ең жақсы жолдары бар үш елдің қатарына Сингапур, Нидерланды мен Швейцария кіреді.


КСРО ыдыраған тұста Қазақстан аумағында ұзындығы 117 мың шақырымнан асатын автомобиль жолдары болса, 2003 жылы бұл көрсеткіш небәрі 89 мың болған екен. Яғни, тиісті күтім жасалмаған жолдар әбден тозып, апат туындататын жағдайға түскен.


Ал, бүгінгі таңда еліміздегі автожолдардың жалпы ұзындығы 96 мың шақырымды құрап отыр. Көптеген қазақстандықтар жолдардың сапасына шағымданады, алайда еліміздегі жолдардың үштен бірінен астамы қанағаттандырарлық жағдайда деп танылған.

Неліктен жолдар тез бұзылады?

Техника ғылымдарының кандидаты Қалижан Құлмановтың пікірінше, бұл жағдайдың негізгі себебі – жол құрылысшылары мен жылу жүйесіне қызмет көрсететін компаниялардың іс-әрекеттерінің сәйкес келмеуі. Бұл тұрғыда ол: «Биыл асфальт төселсе, келесі жылы құбырдың жарылуы немесе ағымдағы жөндеу орын алады. Ал, қазылған жерді жолға жауаптылар емес, компаниялардың өздері толтырады. Сосын, жаңбырдан кейін ол жерлер қайтадан бұзылып кетеді. Тексеруші адам ештеңе айта алмайды, өйткені бәрі төселіп, асфальт хабылданып қойған. Егер жер астындағы тығыздық бір рет бұзылса, жаңбырдан кейін ол міндетті түрде тағы бұзылады», - деп пікір білдірген..


Ал, автокөлік одағының директоры Сәбит Аманбаев Қазақстанның көптеген трассалары салмағы 10 тоннадан аспайтын машиналарға есептелгенін, ал жүктеме бойынша нормалар көзделмегенін айтады. Алайда, мамандардың пікірінше, жолдарды шамадан тыс жүк артылған көліктер емес, жоғары жылдамдықпен жүретін автомобильдерді бұзады екен. Олардың айтуынша, 100 км/сағ жылдамдықпен жүретін жолда көлік 150 км/сағ жылдамдықпен қозғалса, жолды екі есе тез бұзатын көрінеді.


Ұлттық жол активтері сапасы орталығының директоры Замир Сағыновтың айтуынша, тағы бір проблема – мамандардың жетіспеушілігі. Оның сөзіне сүйенсек, жастар бұл салада жұмыс істегісі келмейді, өйткені жұмыс жағдайлары қолайлы емес. Басқа себептер ретінде сыбайлас жемқорлық, тендерлерді өткізу шарттары, жоспарлы жөндеудің болмауы, климаттық жағдайлардың айырмашылығы және жол қозғалысы ережелерін сақтамау қарастырылады.


Жол сапасына не әсер етеді?


Құрылыс сарапшыларының пікірінше, сапаны бақылау жобалау процесінде де қажет. Ең алдымен, топырақтың сипаттамасын егжей-тегжейлі зерттеген маңызды. Зертханалық сынақтар мен технологиялық есептеулердің дұрыстығы негізгі факторлар болып саналады.


Егер есептеулер дұрыс болмаса, уақыт өте келе жол біркелкі болмайды. Біріншіден, жол бойында шұңқырлар, содан кейін асфальтта жарықтар пайда болып, бұл жоғарғы қабаттың бұзылуына соқтыруы мүмкін.


Әрине, сапаға климаттық жағдайлар да әсер етеді. Сондықтан әртүрлі аймақтар мен елдердегі жолдардың сапасын салыстыру емес, климатты дұрыстап зерттеген дұрыс.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢ НАШАР ЖОЛДАРЫ ҚАЙ ӨҢІРЛЕРДЕ?

Батыс Қазақстан облысы

Батыс Қазақстан облысы ең нашар жолдарымен танымал. БҚО-да жергілікті маңызы бар жолдардың ұзындығы 5104 шақырымды құраса, оның 70 пайыздан астамы жөндеуді қажет етеді. Әсіресе, жол тұрғысынан Казталовка, Жәнібек және Бөкейорда аудандарының тұрғындары көбірек зардап шегеді екен. Ауа-райының қолайсыздығынан көліктер Оралға барар жолда да жиі кептеліп қалады. Билік бұл жолдарды жөндеуді 2021 жылы аяқтауды жоспарлаған. Алайда, пандемия мен құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты бұл жоба биыл аяқталады деп жоспарланған.


Қызылорда облысы

Мәліметтер бойынша «Қызылорда-Жезқазған» тас жолында 50 жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеу жүргізілмеген. Автожолдың ұзындығы 369 шақырым және күн сайын ол жол арқылы 4 мыңға жуық көлік жүреді. 2021 жылдың қыркүйегінде жолды қайта құру басталып, бюджеттен 240 млн доллар бөлінген.

Тұрғындардың айтуынша, бұл жолда апат жиі орын алады. Сонымен қатар, жолдың сапасы көліктің жағдайына теріс әсер етеді.


Қостанай облысы

Қостанай облысында сапасыз автомобиль жолдары бар екі аудан бар — Амангелді және Жангелді. Біраз уақыт бұрын кейбір учаскелерге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен 9 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалған.

Сондай-ақ, өткен жылы Қостанай облысында Рудныйдан өзен арқылы өтетін көпірге дейінгі ұзындығы 19 шақырымды құрайтын «Қостанай-Қарабұтақ» жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.


Қарағанды облысы

Қарағанды облысы да жаңа жолдар салу аясындағы жанжалдармен танымал. Мысалы, 2021 жылы дәл осы жол салуға қатысты тұлғалар 51,4 млн теңге жымқырғаны үшін қылмыстық іс қозғалған. Алайда, тергеу барысында фактілер расталмай, іс жабылған.


Ақтөбе облысы

Ресми мәліметтер бойынша, Ақтөбе облысындағы трассалардың 34 пайызы жөндеуді қажет етеді екен. 2022 жылы жалпы ұзындығы 752 шақырым болатын жолдарды жөндеу бойынша 201 жобаны іске асыру жоспарланып, бұл жоба үшін 32 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалған.


ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢ САПАЛЫ ЖОЛДАРЫ

Маңғыстау облысы

Маңғыстау облысы Қазақстан бойынша ең сапалы жолдармен танымал. Себебі, мұндағы облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың 95 пайызы жақсы жағдайда. Айта кетсек, Маңғыстау облысындағы жергілікті жолдардың ұзындығы 1406 шақырымды құрайды. Бұл Батыс Қазақстан облысына қарағанда төрт есе аз.

Қазақстан трассалары арасында ең жоғары баға алатынына қарамастан, облыста жол құрылысына байланысты жанжалдар да орын алып тұрады.


Шығыс Қазақстан облысы

Шығыс Қазақстан облысы қатты жолдардың саны бойынша көш бастап тұр. Облыста мұндай трассалар Ақтөбе облысына қарағанда екі есе және Атырау, Қызылорда немесе Маңғыстау облыстарына қарағанда бес есе көп. Мұндай жабын ауа-райына ең төзімді болып саналады және климатқа қарамастан машиналардың оңай қозғалуына мүмкіндік береді.


Солтүстік Қазақстан облысы

Егер жолдарды тығыздығы бойынша бағалайтын болсақ, онда бірінші орынды Солтүстік Қазақстан Облысы алады. 2021 жылдың деректері бойынша Солтүстік Қазақстан облысындағы автотрассалардың 69 пайызы жақсы немесе қанағаттанарлық болып саналады. 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 95 пайызға дейін жеткізу жоспарланған.


Ал, сіз тұратын өңірдегі жол сапасы қандай?


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


«Электромобильдің зиянсыз екендігі – ЕҢ СОРАҚЫ ӨТІРІК» - ҒАЛЫМДАР


Қытайлық көліктен БАС ТАРТУДЫҢ 10 себебі