ЕҢ АРЗАН АЛТЫ АВТОКӨЛІК — бағалары қанша?

0
10 032

«Бүгінгі таңдағы ең қымбат автокөліктерді атай аласың ба?» деген сұрақ қойсаң, автоәуесқойлар тосылмастан тізбектей жөнелері сөзсіз. Себебі, жаңа мен қымбатқа қызықпайтындар қатары кемде-кем. Ал, ең арзан көліктер мен олардың бағасы жайлы білетіндер аз. Төмендегі ақпараттарды оқып шыққан әрбір жан олардың санын арттыра түсетін болады.


ЕҢ АРЗАН АЛТЫ АВТОКӨЛІК — бағалары қанша?

фото (иллюстрациялық): pulson.ru

«Бүгінгі таңдағы ең қымбат автокөліктерді атай аласың ба?» деген сұрақ қойсаң, автоәуесқойлар тосылмастан тізбектей жөнелері сөзсіз. Себебі, жаңа мен қымбатқа қызықпайтындар қатары кемде-кем. Ал, ең арзан көліктер мен олардың бағасы жайлы білетіндер аз. Төмендегі ақпараттарды оқып шыққан әрбір жан олардың санын арттыра түсетін болады.

6. Chery QQ


Қытайдың барлық тауары секілді, автокөліктері де арзанға ұқсайды. 2003 жылдан бастап шығарылып жатқан Chery QQ көлігіне қарап осындай ой түйдік. Сырт көрінісі Daewoo Matiz-ден аумайтын авто алғашында тек қытайлардың өздеріне арналған. Кейіннен, елдің басқа да өнімдері секілді, әлемнің әр түкпіріне таралды. Құны 4800 АҚШ долларына, біздіңше 1 550 000-ға бағаланған авто бүгінгі таңда Қытайдағы ең өтімді көліктердің бірі.

5. Daewoo Matiz


1997 жылы кәріс жерінде «дүниеге келіп», 2001 жылдан бастап көршілес Өзбекстанда өндіріліп жатқан бұл көлік көпшілікке кеңінен танымал. Сондықтан да, қазақстандық автоәуесқойлар оның артық және кем тұстарын, нарықтағы бағасын жақсы біледі. 4500 АҚШ ақшасын теңгеге айналдырғанда, айналасы 1 450 000-ның о жақ, бұ жағы.

4. Renault Kwid


Renault компаниясының жақын жылдарда жарыққа шығарған хэтчбэгі. Бастапқыда тек Үндістан үшін жасалған көлікті бүгінде Еуропа, Азия және Оңтүстік Америка автонарығынан да табуға болады. Бағасы — 4500$.

3. Maruti Suzuki Alto 800


Үнді автоөндірушілерінің бұл өнімі 4300 долларға, яғни, 1 400 000-ға жуық теңгеге бағаланады. Көлік «Үнді Фольксвагені» деген атқа ие болған.

Бір қызығы, көлік бағасын төмендету үшін өндірушілер Suzuki Alto 800-дің әрбір бөлшегінің салмағын 1 граммға азайтқан екен. Оған қоса, салон қаптамалары үшін масаты матасын қолданыпты.

2. TATA Nano


Үндістан Болливудтық фильм ғана емес, төмен бағадағы автокөліктер өндіруден де «алдына ел салмайтын» секілді. Себебі, ең арзан автокөліктер легіне енушілердің тағы бірі — TATA Nano да осы елдің «тумасы». 2009 жылдары көлікті сатып алушылар 1700 АҚШ долларын төлеуге тиіс болса, 2017 жылға қарай бұл шама 2000, тіпті, 3000-ға дейін көтерілді. Соның өзінде «ең арзан автомобиль» атағынан айрылған жоқ.

Бағасының айтарлықтай төмен болуына автомобильдегі көп «жоқтар» себепкер. Айталық, онда жылыту пеші, есік нығыздауыштары, жүксалғыш есігі, автомагнитола, орталық құлыптау жүйесі, желдеткіш, тіпті желдету жүйесі де жоқ. Ал, сыртқы айнасы мен терезе тазартқыштары бір-бірден ғана.

Бір өкініштісі, көлік қауіпсіздік тестінен өте алмады, сондықтан, оған Еуразия елдерінің есігі әзірше жабық.

Bajaj RE60


Қолында 1000 доллардан аз ғана асатын ақшасы бар, алайда жаңа көлік иесі болуды қалайтын үнді азаматтары қайтеді? Олар Bajaj RE60 көлігін сатып алады. Автокөлік пен мотоцикл гибридінің бағасы бар болғаны 1200 АҚШ ақшасы. Ойлап қараңызшы, біздің елімізде сатылса, 390 000 мың теңгеге су жаңа жеңіл көлік сатып алар едіңіз. Сонысымен де жер жүзіндегі ең арзан көліктер көшін бастап тұр.

Дайындаған: Айгерім Мейірханқызы

ERNUR.KZ

Фотолар fastmb.ru сайтынан алынды