Белгілі емші көз ауруларының алдын алатын жаттығулармен таныстырды

0
3 709

Бұл жаттығулар компьютер мен смартфоннан шаршаған көзіңізді тынықтырып, түрлі аурулардың алдын алады. Сондай-ақ, көру қабілетін де жақсартады.


Белгілі емші көз ауруларының алдын алатын жаттығулармен таныстырды

иллюстрациялық фото: ochkov.net

Офтальмологиялық аурулар — ХХІ ғасырдың кең таралған дерттерінің бірі болуда. Көру қабілетінің төмендеуі, көздің қабынуы, қызаруы, құрғауы, талып, ашуы, т.б. себеппен дәрігер есігін қағушылар көп. Оған себеп — зиянды сәулелер тарататын компьютер мен түрлі гаджеттердің белсенді қолданылуы. Оларды қолданбасқа да болмайды. Алайда, көзге келтірер зиянын кемітуге болады. Мұның құпиясын жақында ғана орыс емшісі ашты.

Ұзақ өмір сүру мен деннің саулығын сақтау сырларына жете қанық емші Александр Дроженников көзге өте пайдалы Дао-Инь аталатын жаттығу кешенін ұсынады. Айтуынша, олар көру қабілетін жақсартып қана қоймай, бүткіл ағзаға оң әсерін тигізеді екен. Ендеше, біз де жасап, сөзінің растығына көзімізді жеткізелік.


№1 жаттығу

Отырған немесе тік тұрған (өзіңізге ыңғайлы түрінде жайғасыңыз) қалыпта алақаныңызбен көзді жауып, денеңізді барынша бос ұстаңыз. 3-4 рет терең де баяу тыныс алыңыз. Әрбір тыныс шығарған уақытта миыңызды да артық ой жүгінен арылтып жатырмын деп елестетіңіз. Бұл — негізгі жаттығуларға өтуге дайындық кезеңі. Бөтен ойдың бәрінен арылып, бар назарыңыз ішкі әлеміңіз бен жасалатын жаттығуға қарай аусын.


№2 жаттығу

Үш саусақты (сұқ, ортаңғы және атсыз саусақтар) қабақтың үстіңгі жағына, көз ұясын қоршаған сүйектің астыңғы жағына қойыңыз. Аздап батырыңқырап, сыртқа қарай шұңқыр бойымен сырғытыңыз. Үш рет жасаған соң дәл осы қимылды көздің астыңғы жағына да үш рет қайталаңыз. Саусақты біршама батыруға тырысыңыз, бірақ, көзге зияны тиетіндей болмасын.


№3 жаттығу

Енді көзіңізді жұмған күйде саусақтарыңызды қарашық үстінен қойыңыз. Біршама батырыңқырап басып бірнеше секунд тұрыңыз да, қайта босатыңыз. Босатқан уақытта көзіңізді ашыңыз. Жұмып, саусақпен қайта басыңыз. Осылайша 10 рет қайталаңыз.


№4 жаттығу

Екі саусақпен қабақ терісін ұстап, 50 рет жоғары-төмен көтеріп-түсіріңіз. Қабағыңыз өз еркімен емес, қолыңыздың күшімен қозғалатын болсын. Егер қандай да бір ауырсыну, жайсыздықты сезінсеңіз, дереу тоқтатып, аздап демалдырып, содан соң қайта жалғастырасыз.


№5 жаттығу

Соңғысы — бас бармақ және сұқ саусақтың көмегімен кеңсірік пен көзге күш түсіру. Екі саусақпен көзге қысым түсіре кеңсірігіңізді қысып 10 секунд тұрыңыз. Содан соң қайта босатыңыз.

Көрсетілген жаттығу кешені қарапайым болса да, әсері өте күшті. Ол көздің талуын, ауырсынуын, шаршауын басып, көруін жақсартады. Әсіресе, глаукома, астигматизм, алыстан көрмеушілік пен жақыннан көрмеушілік сынды диагнозы барларға аса пайдалы. Көз айналасы мен бастағы қанайналымды жақсартып, жүрек жұмысына да оң ықпалын тигізеді. Жағымды әсерлерін бірінші жасағаннан-ақ сезінесіз. «Күнделікті жұмыстан соң және ұйқыға жатар алдында Дао-Инь жаттығу кешенін қайталауды әдетке айналдыруға осы себептер жеткілікті» дейді Александр Дроженников.

Аударған: А.Бектұрғанова,

ERNUR.KZ