Бүйрек жұмысын жақсартқыңыз келсе...

0
10 298

​Бүйрек жұмысын жақсартуға арналған жаттығу түрлері өте көп. Соның ішіндегі ең пайдалыларын ұсынып отырмыз.


Бүйрек жұмысын жақсартқыңыз келсе...

Бүйрек жұмысын жақсартуға арналған жаттығу түрлері өте көп. Соның ішіндегі ең пайдалыларын ұсынып отырмыз.

1-жаттығу

Ең алдымен жаттығуды бастамас бұрын еденге кішкене жастықша қойып алыңыз. Содан кейін сол жастыққа жақындап, жайғасып отырыңыз. Аяғыңызды жинап, табандарыңызды бір-біріне тигізіңіз. Осылайша отырғаннан кейін жай қимылмен артқа қарай жатыңыз. Басыңыз бен арқаңыз жастықтың үстінде тұруы керек. Жаттығу кезінде бөксе бұлшықеттерін босаңсытқан жөн. Сөйтіп, осы қалыпта 5 минут тұру қажет. Алайда бұл жаттығуды арқа омыртқалары ауырғанда, демікпемен ауырғанда жасауға болмайды.

2-жаттығу

Еденге төсеніш төсеп отырыңыз. Аяқтарыңызды алға қарай созып отырғаныңыз дұрыс. Сосын денеңізді еңкейтіп, отырған қалыпта алға қарай созылыңыз. Осылайша қолдарыңызды табандарыңызға жеткізу керек. Егер де қолыңызды жеткізе алмасаңыз, белдікті пайдалануға болады. Басыңыз бен көкірегіңіз тізеге тигенше еңкейе беріңіз. Сонда ғана жаттығудың пайдасы тиеді.

3-жаттығу

Екі аяғыңыздың арасын ашып тік тұрыңыз. Содан соң ауаны ішке тартып, көкіректі көтеріңіз. Артынша ауаны сыртқа шығарып, денеңізді босаңсытыңыз. Осыдан кеиін ғана алға қарай еңкейіп, басыңызды еденге тигізіңіз. Ал, қолдарыңызды еденге қойыңыз. Осы қалыпта 30 секунд тұруға тырысыңыз.

4-жаттығу

Тік тұрыңыз. Сөйтіп аяқтарыңыздың арасын 100-130 см шығатындай етіп ашып, тұрып алыңыз. Кейіннен сол аяғыңызды табандарын ішке қарай сәл ғана кіргізіп тұрып, ал, оң аяқтың табанын керісінше сыртқа қаратыңыз. Содан соң оң жаққа қарай еңкейіп оң қолыңызды аяғыңыздың басына жеткізіңіз де, сол қолыңызды жоғары қарай көтеруіңізге болады. Осы уақытта өзіңіз де төбеге қарай басыңызды қисайтып, тұра алғаныңызша тұруға тырысыңыз. Жаттығуды екінші жаққа да дәл солай істеу қажет. Бұл жаттығуды бас ауруы мен іш ауруы барлардың жасамағаны дұрыс.

5-жаттығу

Еденге төсеніш төсеп отырыңыз да, аяқтарыңызды алға қарай созыңыз. Оң аяғыңызды ішке қарай жинап отыру керек. Сөйтіп, созылып тұрған сол аяқтың басына қолыңызды жеткізуіңіз керек. Табандарыңызды екі қолыңызбен ұстап алуға тырысыңыз. Егер де бұл мүмкін болмаса белдікті пайдаланыңыз. Содан соң табандарыңызды өзіңізге қарай тартып, осы қалыпта 30-40 секунд тұру қажет. Жаттығуды екінші аяққа да жасаңыз.

6-жаттығу

Орныңыздан тік тұрып, қолыңызды беліңізге қойыңыз. Сосын ауаны сыртк,а шығарып, алға қарай еңкею керек. Денеңізді барынша еңкейте беруге болады. Осы уақытта тізені бүкпеу қажет. Денені аяққа тигізгенше жаттығуды жалғастыра беріңіз. Денеңіз барынша еңкейгеннен кейін, осылайша біраз тұрыңыз да, артынша жайлап денеңізді жоғары көтере беруіңізге болады. Бұл жаттығуды да арқа омыртқасы ауыратындардың жасамағаны абзал.

7-жаттығу

Еденге шалқалап жатып, тізеңізді бүгіңіз. Ауаны ішке тартқанда бөксені жоғары көтеріңіз. Қолдарыңызды еденге тигізіп жатыңыз. Сөйтіп қолдың күшімен көкірек тұсыңызды да жоғары көтеріп көріңіз. Бір минут осы қалыпта тұру қажет. Бұл жаттығудан кейін денені бірден тастай салып, жүріп кетуге болмайды. Жаттығудан кейін денені жаймен еденге тигізіп, денені босаңсытасыз. Содан кейін ғана жаттығуды қайта жасауға болады.

8-жаттығу

Бұл жаттығуға да кішкене қатты жастықша керек болады. Оны қабырғаға 15 сантиметр жақындатпай қою керек. Сөйтіп сол жастыққа қабырғаға бетіңізді қаратып отырыңыз. Кейіннен артқа қарай, яғни, еденге жатыңыз да, аяғыңызды қабырғаға тигізіп, жоғары көтеріңіз. Осы қалыпта біраз жатыңыз. Бұл жаттығу жүйке жүйесін тыныштандырып, шаршағанды басады. Сондай-ақ, адамның ішкі ағзаларына да жағымды әсер етеді.

Алайда мұндай жаттығуды арқа омыртқасы мен көзі ауыратындар жасай алмайды.