Еден не ыдыс жуып жатқанда, баланы тамақтандырып отырып осы жаттығуларды жасасаңыз, дене сымбатыңызға ешкім сын айта алмайтын болады.
фото: spirossoulis.com
Егер Сіздің фитнес-залға барып жаттыққыңыз келсе, бірақ:
- үй шаруасы мен баладан бір босамайтын болсаңыз;
- уақыт не қалта көтермейтін болса,
онда, мұңаймаңыз. Өйткені, түрлі жаттығуларды үйде, тірлігіңізді тындыра жүріп-ақ жасауға болады. Сол арқылы фитнес-залға баратындардыкінен бір кем емес дене сымбатына ие боласыз. Ол қалай дейсіз бе?
Мына ережелерді орындап, жаттығуларды жасасаңыз болғаны.
1-ереже: уақытпен санасыңыз
Әр шаруаны атқаруға белгілі бір уақыт межелеп, сол уақытқа ұялы телефон таймерін қосып қойыңыз. Сонда жылдам, қарқынды қимылдайтын боласыз. Бұл әрекет Сіздің бос, сылбыр болып кетуіңізге жол бермейді, керісінше, бұлшықеттеріңіздің үнемі тонуста болуына жол ашады.
2-ереже: ырғақпен бірге қимылдаңыз
Үй ішінде, тым болмағанда асүйде жылдам ырғақты әуен ойнап тұрсын. Ол үшін өзіңізге ұнайтын көңілді, жылдам әуендерден тұратын топтама жасап алыңыз. Олардың жалпы уақыты жарты сағаттан асатындай болсын. Бұл әдіс сіздің көңіл-күйіңіздің көтеріңкі, ой мен бойыңыздың сергек болуына айтарлықтай ықпал еетді. Бірнеше күн осылай жасап көрсеңіз, оған көзіңіз жетеді. Сондай-ақ, бар шаруаны билеп жүріп атқарасыз. Нәтижесінде, денеңіз қызып, ағза барлық уақытта қарқынды түрде калория жұмсап тұрады.
3-ереже: ыңғайлы киім киіңіз
Бұл жерде қатып қалған ереже жоқ. Бар болғаны үй киіміңіз еркін қимылдауға кедергі келтірмесе болғаны. Киім ыңғайлы болмаса, тіпті, қозғалғың да келмей қалатыны бар. Ең қауіптісі осы — қозғалмау. Оған жол бермеңіз. Ал ол үшін етек-жеңі жинақы, жеңіл де созылмалы киімдер киген жөн.
Ал енді жаттығу...
Шаңсорғыш — үйдегі шаң-тозаңмен ғана емес, құрсақ бұлшықеттерінің босаңдығымен күресуде де көмекші бола алады. Ол үшін онымен жұмыс жасағанда құрсақ тұсындағы бұлшықеттерді бір жиырып, бір босатып жаттығу жасай жүріңіз.
Оқи отырыңыз:
Беліңіз ауырса, бір-ақ жаттығумен жазуға болады
Еден сүрту кезінде қос қолды, онымен қоса денені арлы-берлі қарқынды түрде қимылдату нәтижесінде бір сағатта 195 калория жоғалтасыз. Сондықтан, әрі үй шаруасына, әрі дене сымбатыңызға пайдалы нәрсе жасағыңыз келсе болды, еден сүрте беріңіз.
Әдетте, әйелдер асүй мен қонақ бөлмесі, жатын бөлме мен балалар бөлмесінің арасында күні бойы салпылдап шаршағанын айтып, шағымданып жатады. Сізде де солай ма? Егер осылайша бөлме-бөлменің арасында жүріп-ақ қанша калория жоғалтқаныңызды білсеңіз, олай шағымданбас едіңіз. Жүре беріңіз, ол — пайдалы шаршау. Баспалдақ болса тіпті жақсы, онымен жоғары-төмен жүруден де еш ерінбеңіз.
Ыдыс жуу кезінде де қарап тұрмаңыз. Сіз бір ғана емес, бірнеше шаруаны қатар атқара аласыз. Сол қабілетіңізді пайдаланып, ыдыс жуған уақытта біресе аяғыңыздың ұшымен, енді бірде өкшемен тұрып жаттығу жасаңыз. Әрбір қалыпта 3-10 секундтан тұрып, кезек-кезек қайталау беру қажет. Бұл жаттығу балтыр мен сан бұлшықеттеріне өте пайдалы.
Терезеңізді жиі жуып тұрыңыз. Бұл үй тазалығына да, артық салмақтан арылуға да жақсы. Тее теекі қолдың кезек-кезек бірдей шамада қимылдауына мән беріңіз. Сондай-ақ, жоғарғы жақтауларға орындық көмегінсіз жетуге тырысыңыз. Себебі, дененің созылуы, аяқ ұшымен тұру — мұның бәрі фитнес жаттығуымен парапар.
Газ плитасының жанына су толы екі пластик бөтелке қойып қойыңыз. Ас әзірлеу кезінде қазанның басында қарап тұру қажет кездер болады. Сондайда қолыңыз бос бола қалса, бөтелкелерді көтеріп, қолды оңға-солға, жоғары-төмен созып түрлі жаттығулар жасай тұрыңыз.
Тігіс тігу, балалардың сабағына қарау сияқты бір орында отырып жасалатын жұмыстар кезінде де жаттығуды ұмытпаңыз. Ондай уақытта бөксе бұлшықеттерін жиыру-босату жаттығуын жасауға болады.
Кешкісін бірнеше істі — үй шаруасы мен жаттығуларды қатар жасап үлгергеніңіз үшін өзіңізді марапаттаңыз. Марапатыңыз хош иісті майлар қосылған жылы бұлау болсын. Ол күні бойы белсенді қозғалысчта болған бұлшықеттерді тыныштандырып, үйдегі фитнестің нүктесін қояды.
Осы ережелер мен әрекеттерді күнделікті қайталап, әдетке айналдырсаңыз, біршама уақыттан соң дене сымбатыңызға ешқандай сын келмейтін болады.
Оқи отырыңыз:
2019 жыл: Қаңтар айына арналған жұлдызжорамал
Дайындаған: А.Мейірханқызы