ERNUR.KZ. Қазақстанда 1 шілдеден бастап электр энергиясы тарифі қайта қаралады. Бұл туралы ҚР ЭМ электр энергетикасын дамыту департаментінің директоры Айдос Дәрібаев айтты, деп жазады baq.kz.
Оның айтуынша, энергия өндірушілерден тәуелсіз шығындардың ұлғаюын ескере отырып, Қазақстанның 44 энергия өндіруші ұйымының 35-і биылғы жылдың сәуір айында топтар бойынша шекті тарифтерді түзетуге өтінім берген.
"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және сараптама ұйымдарымен талқылау қорытындысы бойынша Энергетика министрінің 2020 жылғы 29 маусымдағы бұйрығымен электр энергиясының тарифтеріне түзетулер енгізілді. Бұйрыққа сәйкес 2020 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан бойынша энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтерінің орташа өсуі 16% деңгейінде болжануда. Электр энергиясына шекті тарифтерді қайта қарау 44 энергия өндіруші ұйымның өндірістік қызметкерлерінің 27 мың жұмыс орнын сақтап қалуға мүмкіндік береді. Оларға тоқтаусыз жұмыс істеу және елді электр энергиясымен қамтамасыз етуге тәуелді, - дейді Айдос Дәрібаев.
Оның айтуынша, 2020 жылдың басынан бастап шығындар артқан. Мысалы, отын сатып алу бойынша шығындар 9,9%-ға, жаңартылатын энергия көздерінен электр энергиясын – 9,3%-ға, жүйелік оператордың реттелетін қызметтері – 1 2%-ға ұлғайған. Бұдан басқа, АЕК өзгеруін ескере отырып, бюджетке төленетін міндетті төлемдердің мөлшері артқан.
Болжам бойынша, шекті тарифтер өзгерген кезде статистикалық орташа пәтерлер бойынша соңғы тұтынушылар үшін электр энергиясын төлеуге арналған орташа чек (электр плиталары бар пәтерлерді есептемегенде, екі-үш бөлмелі пәтерлерде айына орташа тұтыну көлемі 170-220 кВтс құрайды) ағымдағы шоттарға айына 200 теңгеден аспайтын шамаға 4-тоқсаннан ұлғаятынын хабарлады, - дейді департамент басшысы.