200 көпбалалы отбасы елордадан басқа қалаға көшіріледі

0
976

"Нұрлы Ертіс" пилоттық жоба аясында Екібастұзға көшірілген адамдарға 428 арендалық тұрғын үй салынады.


200 көпбалалы отбасы елордадан басқа қалаға көшіріледі

ERNUR.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ержан Жылқыбаев көпбалалы отбасылар елордадан Павлодар облысына көшіріліп жатқанын айтты, деп жазады sputniknews.kz.

Вице-министрдің мәліметінше, жыл басынан бері "Нұрлы Ертіс" пилоттық жобасы аясында 103 көпбалалы отбасы елордадан Екібастұз қаласына қоныс аударған. Олардың барлығы баспанамен қамтылды. Еңбекке жарамды адамдардың 80 проценті жұмысқа орналастырылды. Ал балаларға балабақша мен мектептен орын берілді.

"Жыл соңына дейін Нұр-Сұлтан қаласынан тағы 200-ден астам отбасы Екібастұзға көшіріледі. Пилоттық жоба аясында Солтүстік Қазақстанға 3 миллиард теңге бөлінді. Осы ақшаға көшіп келетін адамдарға 428 арендалық тұрғын үй салынады", - деді Жылқыбаев үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Айта кетейік, "Нұрлы Ертіс" жобасы – халықты оңтүстіктен солтүстікке көшіру шараларының бір тармағы. Биыл 2 250 отбасы қонысын ауыстырады деп жоспарланған. Олардың жалпы саны – 10 000 адам.

"Осы уақытқа дейін 1 050 отбасы немесе 4 000 адам көшірілді. Олардың 60 проценті жұмысқа тұрғызылды", - деп атап көрсетті Жылқыбаев.