Еліміздегі қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде Қазақстан ҰҚШҰ әскерлерін көмекке шақырған болатын.
ERNUR.KZ. Биыл Қазақстанда ҰҚШҰ елдерінің әскерлері үш әскери-жаттығу кезеңдерін өткізеді. Бұл туралы өткен брифингте ҰҚШҰ біріккен штабының басшысы, генерал-полковник Анатолий Сидоров мәлімдеді, деп жазады Stan.kz.
Сидоровтың сөзінше, "Өзара іс-қимыл-2022" оқу-жаттығуы ҰҚШҰ жедел әрекет ету ұжымдық күштерінің қатысуымен өтеді. Іс-шара Орталық Азия өңірі жағдайында дағдарыстық жағдайды шешу міндеттерін пысықтауға бағытталады.
"Поиск-2022" оқу-жаттығуы бірлескен күштерге ұрыс қимылдарының барлау аспектілерін меңгеруге мүмкіндік береді. Жауынгерлік құрамаларды үздіксіз материалдық-техникалық қамтамасыз етуді пысықтау мақсатында Қазақстан аумағында үшінші "Эшелон-2022" оқу-жаттығуы өтеді.
Бұдан бөлек ҰҚШҰ әскерлері Тәжікстанда "Шекара-2022" және Қырғызстанда "Мызғымас бауырластық-2022" оқу-жаттығуларын өткізеді. Бұл жаттығулардың біріншісіне ұжымдық жедел енгізу күштері қатысса, екіншісі бітімгершілік құрамалардың қатысуымен өтеді.
Айта кетейік, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстан және Тәжікстан елдері кіреді.
Еліміздегі қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде Қазақстан ҰҚШҰ әскерлерін көмекке шақырған болатын.