​400 мың теңге жалақыны кімдердің алатыны белгілі болды

0
5 677

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Жамбыл облысының активімен кездесті.


​400 мың теңге жалақыны кімдердің алатыны белгілі болды

ERNUR.KZ. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Жамбыл облысының активімен кездесті, деп жазады ҚазАқпарат.

Кездесуге облыс әкімі Асқар Мырзахметов, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Фатима Жақыпова, Алматы және Шымкент қалаларындағы, Алматы, Түркістан және Қызылорда облыстарындағы аумақтық департамент басшылары қатысты. Алик Шпекбаев факторлы-балдық жүйе мен бонустар негізіндегі мемлекеттік қызметшілердің жаңа еңбекақы жүйесі туралы баяндады. Ол мемқызметкерлердің жалақысын екі есеге арттыру және орталық пен өңірлер арасындағы жалақы айырмасын 70%-дан 10%-ға дейін төмендетудің оң нәтижесін атап өтті. Соның арқасында бүгінде бір бос мемлекеттік лауазымға екі үміткердің орнына алты адам келетін болған.

Аталған оңтайландыруды ескере отырып, енді Ұлттық бюро орталық аппаратының офицерлері 232 мың теңгенің орнына - 410 мың теңге, ал аумақтық департамент қызметкерлері 152 мыңның орнына - 350 мың теңгеге жуық еңбекақы алатын болды.

«Біз басқарушылық лауазымдарды екі есе қысқарттық, бұл атқарушы билікті 25%-ға нығайтты. Артық құрылымдарды қысқарттық, оның ішінде ауданаралық басқармалардың үштен екі бөлігін қоса алғанда. 26 басқарма бөлімдерге, 34 бөлім топтарға өзгертілді. Орталық басқаруды күшейте отырып, ішкі қауіпсіздік аумақтық департаменттерін оңтайландырдық», - деді агенттік төрағасы.

Алик Шпекбаев қосалқы қызметтерді орталықтандыру және кадрлық құжат айналымы бойынша ортақ қызмет көрсету орталығын құру тәжірибесі туралы әңгімеледі.

«Жоғары тиімділік көрсеткіштері бар қызметкерлер жыл сайынғы жалақы мөлшерінде сыйақыға үміттене алады. Бұл өз кезегінде ипотека рәсімдеуге немесе автокөлік сатып алу үшін жақсы мүмкіндік.

«Өзгерісті өзіңнен баста» принципі бойынша, агенттік мемлекеттік аппаратта оңтайландыру процесін жүргізеді. Мысалы, егер біз барлық мемлекеттік органдардың кадрлық процестерін орталықтандыратын болсақ, сол арқылы жылына 5,5 млрд теңге үнемдейміз», - деді ол.

Қазір персоналды басқару қызметтері 14 есе тиімді жұмыс істейді.

«Е-қызмет» ақпараттық жүйесінің арқасында бір күнде 30 адамның орнына 400-ден астам адамға қызмет көрсетіледі. Жыл соңына дейін жалақы есептеу функциясы беріледі. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алулар мен заң қызметтері орталықтандырылған. Агенттік төрағасы жұмыс сапары аясында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы филиалының ашылу рәсіміне қатысып, Жамбыл облысы бойынша Қазақстан Халық Ассамблеясының мүшелерімен, жергілікті және шетелдік инвесторлармен, бизнес-қауымдастық өкілдерімен кездесті.