42 500 теңгені заңсыз алғандар 1000 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі немесе 2 жылға сотталуы мүмкін

0
1 213

Еңбек министрлігі осы мәселеге қатысты ресми мәлімдеме әзірлеп жатыр.


42 500 теңгені заңсыз алғандар 1000 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі немесе 2 жылға сотталуы мүмкін

ERNUR.KZ. 15 сәуір күні түнде еліміздегі бухгалтерлік есеп-қисап туралы жазатын Uchet.kz порталы әлеуметтік желідегі ресми парақшасында төтенше жағдай кезінде төленген 42 500 теңгені заңсыз алғандарға қандай жаза көзделгені туралы ақпарат таратты, деп жазады Azattyq Rýhy.

Дереккөз ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының бірінші және екінші тармақтарын мысалға келтірген.

«Бірінші бап бойынша өзгенің мүлкін жымқырған және алдау мен сенімін пайдалану арқылы өзгенің мүлкіне ие болған адамдар 1000 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал бір топ адам жасаған алаяқтық 4000 АЕК көлеміндегі айыппұл немесе 4 жыл бас бостандығынан айрылу жазасына кесілуі мүмкін», - деп жазады сайт.

Осыдан қорытынды жасаған Uchet.kz порталы «азаматтар немесе жұмыс беруші уәкілетті органға дұрыс ақпарат бермей, сол арқылы жәрдемақы төлеген болса, бұл әрекет қылмыстық жауапкершілікке апаратын алаяқтық бабы ретінде қаралады» деп жазған.

Ресми парақшадағы бұл хабарламаны оқыған Instagram қолданушылары пікірілер арасында түрлі сұрақтар жаудырып жатыр. Басым бөлігі жәрдемақаны қалай кері қайтару керек екенін білгісі келеді. Uchet.kz әкімшісі 42 500 теңгені қайтару үшін заңды есепшотты да көрсеткен. Пікір жазушылар ұйымға министрлік арнайы тапсырыс берген деп те топшылап жатыр.

Сай тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің баспасөз хатшысы Александр Кононецқа хабарласып, Uchet.kz порталы жазған ақпарат туралы және бұған дейін министр Біржан Нұрымбетовтің брифингте айтылған мәлімдемесі туралы сұрады. Ведомствоның ресми өкілі 42 500 теңгені заңсыз алғандар туралы министрлік ресми мәлімдеме дайындап жатқанын айтты.

Естеріңізге сала кетейік, дүйсенбі, 13 сәуір күні брифингте жұмысынан айырылмаған және бұған дейін мүлде жұмыс істемеген адамдардың 42 500 теңге жәрдемақыға құжат тапсыруын әр адамның өз ұятына қалдырған болатын.

«Министр ешкімді іздемейміз, ешкімді жазаламаймыз» деп айтқан жоқ. Дүйсенбі күнгі брифинг барысында адамдар 42 500 теңге жәрдемақыға өтініш тапсырғанда, олар өздері туралы ұсынған мәліметтерге заңнама деңгейінде жауапты деп айтты. Ал берілген мәліметтер анық емес болса, яғни, ол кірісінен айырылмай, солай бола тұра, мемлекеттен ақша алып аламын деп шешсе, бұл Қылмыстық кодекстің арнайы бабына келеді», - деді Александр Кононец.

Ал, министрлік жалған ақпарат бергендерді қалай іздейді деген сұрағымызға ол біраз уақыттан кейін ресми мәлімдеме жарияланатынын айтты.