46 миллион теңге салдық: Qnet желілік маркетингіне алданған қазақстандықтар шу шығарды

0
2 447

Дәл қазіргі уақытта Алматыда түрлі желілік топқа алданған 300 адам арыз түсірген.


46 миллион теңге салдық: Qnet желілік маркетингіне алданған қазақстандықтар шу шығарды

ERNUR.KZ. Qnet желілік маркетингіне алданғандар қарызға белшеден батты. Оңай ақшаны олжаламақ болғандар тығырықтан шығар жол таппай дал. Миллиондап ақша салғандар несиесін жаба алмай жатыр, деп жазады stan.kz.

Назерке Ибрагимова бай боламын деп желілік маркетингке мүше болады. Алдымен өзі, кейіннен туыстарын тартқан. Ақырында туыстарымен қоса 46 миллион теңге салған екен. Несиесін төлей алмай, амалсыз өзіне қол салатын жағдайға жеткен.

"Бізді алдап кіргізген соң туыстарымызды тартады. Алдымен туыстарымызды кіргіземіз, сосын таныстарымызға айтамыз. Себебі туыстарымыз бізге арыз жазбайды, бізбен соттаспайды. Оларға да сол керек. Ешқандай ақша алған жоқпыз. Тек несие төлей алмай қарызға баттық. Сондықтан телеанаға хабарластық. Мен амалым таусылғандықтан асылып өлмек болған күнім болды. Күйеуім құтқарып қалды. Қанша адам ажырасып жатыр. Қаншауы күйзеліске түсті", - деді жәбірленуші.

Өзге жәбірленушілердің айтуынша, олар күн сайын бір адамды артынан тіркеп отыруға міндеттелген. Осылайша туыстарын алдап, таныстарын арбап, несиеге ақша алғызып, қарызға батқан. Әр кірген адам 875 мың ақша салады. Оны екі еселеп қайтарып алам деп жүргенде, қарызы өседі.

"Біз көңіл-күйіміз жоқ болса да, күліп жүрдік. Солай үйретті. Бізде бәрі жақсы секілді жүріңдер деді. Өзіміз сенбей тұрсақ та біреуді сендірдік. Енді бастарын алып қашады. Бізге ақшамызды қайтарсын. Бұл желі Қазақстаннан кетсін. Кінәлілер жазалансын", - деді жәбірленушілер.

"Qnet желісіне сенбеңіздер. Бұл өтірік ақша алудың жолы. Ешкім одан пайда таппайды. Тек қарызға батасыздар. Аулақ болыңыздар. Сабақ болсын деп айтып жатырмын", - деді Назерке.

Бұл істе ұйымдастырушы болып жүрген Рустам есімді азамат үйінде жоқ болып шықты. Ағасы да, әкесі де оның қандай жұмыс істеп жүргенінін бейхабар. Жәбірленушілер оның үйіне барып ақшаларын талап етті.

Жәбірленушілердің арызынан соң "Аса ірі көлемде алаяқтық" жасау деген баппен қылмыстық іс қозғалып, арнайы тергеу тобы құрылды. Дәл қазіргі уақытта Алматыда түрлі желілік топқа алданған 300 адам арыз түсірген.