"Қызы емес, әйелі сияқты қараған": Павлодар облысында өгей әкесі зорлаған 15 жастағы оқушының ісі

0
100

Өгей әкесінің кәмелетке толмаған 9-сынып оқушысына зорлық-зомбылық көрсету фактісін сынып жетекшісі анықтаған


ERNUR.KZ. Павлодарда өткен баспасөз мәслихатында балалар омбудсмені Майқайың ауылында өгей әкесі зорлаған 9-сынып оқушысының ісінің мән-жайын айтты, деп жазады inbusiness.kz.


Павлодар облыстық Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкенева қызбен және оның отбасымен кездескенін айтты.

"Мен қызбен кездестім, анасымен және сынып жетекшісімен сөйлестім. Сынып жетекшісінен бұл қызға неге назар аудардыңыз? Ол басқалардан ерекшеленді ме? Оның мінез-құлқында өзгешелік болды ма? деп сұрадым. Сынып жетекшісі "Жоқ" деп жауап берді. Бұл оқу бөлімінің тапсырмасы болған. Әрбір мектепте арнайы бақылауға алынуы керек отбасылардың тізімі бар. Баланы өгей әкесі тәрбиелеп жатқандықтан, ерекше назарға алынған. Сыныпта ондай төрт оқушы болған. Сынып жетекшісі төртеуінің де отбасына барған. Тек осы оқушының отбасында өгей әкесінің мінез-құлқы ұнамаған. Сынып жетекшісі ер адамның балаға көзқарасын байқап қалған. "Бұл әкенің балаға деген көзқарасы емес, ер адамның әйеліне деген көзқарасы сияқты еді" дейді ол. Сондықтан сынып жетекшісі қызды назарға алған", – дейді ол.

Бұл жағдайға Павлодар облысы Білім басқармасының басшысы Самал Айтқазина да түсініктеме берді.

"Өгей әкесінің кәмелетке толмаған 9-сынып оқушысына зорлық-зомбылық көрсету фактісін сынып жетекшісі анықтады. Сынып жетекшісі отбасыларға бірнеше рет барған. Оған қоса сынып жетекшісі мен оқушы бір көшеде тұрған. Мектептен бірге қайтқан. Үйге қайтып бара жатқанда, мұғалім қыздың жағдайын, оның өмірінде қандай қиыншылықтар болып жатқанын біліп, сөйлескен. Бойжеткен бірнеше жыл бойы жалғасып келе жатқан оқиғаны сынып жетекшісіне айтуды жөн көрді. Осы факті бойынша тергеу амалдары жүргізілуде, оның нәтижелері қосымша хабарланатын болады", – деді Самал Айтқазина.