6 жыл ішінде екінші рет: Қызыл ту ауылының маңында бұған дейін де ұшақ апаты болған

0
1 266

2013 жылы SCAT әуе компаниясының ұшағы осы ауыл маңында апатқа ұшыраған.


6 жыл ішінде екінші рет: Қызыл ту ауылының маңында бұған дейін де ұшақ апаты болған

ERNUR.KZ. Бүгін, 27 желтоқсан күні қайғылы жағдай орын алған Алматы маңындағы Қызыл ту ауылының аумағында бұған дейін де ұшақ апаты болған, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

2013 жылы Көкшетау қаласынан Алматыға ұшқан SCAT әуекомпаниясының ұшағы осы ауыл маңында апатқа ұшыраған.
Оқыс оқиға кезінде бортта 16 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Олардың арасында екі жасар бала да бар еді. Кенеттен болған апаттан ешкім аман қалмады.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазақстанның премьер-министрі апаттың себептерін зерттейтін арнайы үкіметтік комиссия құру туралы жарлыққа қол қойды.
Комиссияны сол кездегі үкімет басшысының бірінші орынбасары болған Бақытжан Сағынтаев басқарды.
Оның құрамына Төтенше жағдайлар министрі, Көлік және коммуникация министрлігінің басшысы, Бас прокуратураның, Бас көлік прокуратурасының және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері кірді.
2015 жылғы 11 желтоқсанда ҚР Бас көлік прокуратурасының арнайы прокуроры бастаған тергеу тобы 2013 жылы 29 қаңтарда Алматы облысында SCAT әуекомпаниясының CRJ-200 маркалы ұшағымен болған жазатайым оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Апатқа ұшқыштар кінәлі деп танылды.
SCAT ұшағының апатқа ұшырауына орай қозғалған қылмыстық іске қатысты сот үкімі 2016 жылы шықты.
Оған сәйкес, ұшу қызметінің директоры Вячеслав Артеменко Қылмыстық кодекстің 295-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды (Қазақстан Республикасының ескі Қылмыстық кодексіне сәйкес - рад.).
Ол 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіліп, 2 жылға ұшу қызметімен айналысу құқығынан айырылды.