9-шы сынып оқушысының өз-өзіне қол салуына отбасылық жанжал себеп болуы мүмкін

0
931

Болжам бойынша отбасындағы ұрыстан кейін бойжеткен үйдегілерге білдіртпей сыртқа шығып кеткен.


9-шы сынып оқушысының өз-өзіне қол салуына отбасылық жанжал себеп болуы мүмкін

Алматыда 9-шы сынып оқушысының өз-өзіне қол салуына отбасылық жанжал себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Өйткені оқу орнындағылар тәлімгерінің ешқандай оғаш қылығы болмағанын айтады. Ал полицияның мәліметінше, 16 жасар бойжеткен әке-шешесінің ескертулерінен кейін дәл үйінің алдындағы талға асылып өлген.

"Өлімнің нақты себепсалдарын анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Аталмыш дерек бойынша ҚК 105-бабының нормалары бойынша қылмыстық іс Медеу ауданы полиция басқармасында тергелуде. Біз міндетті түрде тергеу аясында қыздың кіммен соңғы кезде араласып жүргенін, тұрмыстағы, отбасындағы жағдайын, сонымен қатар мектептегі ахуалын тексеріп, анықтайтын боламыз", - дейді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Болжам бойынша 4-мамырға қараған түні отбасындағы ұрыстан кейін бойжеткен үйдегілерге білдіртпей сыртқа шығып кетеді. Қызын іздеп сабылған әке-шешесі таңға жуық көпқабатты үйінінің ауласынан оның ағашқа асылып тұрған денесін тапқан. Дереу полицияға хабарлапты. Қазір тәртіп сақшылары тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

2006 жылы туған қыз Алматыдағы республикалық физика-математика мектебінің 9-сынып оқушысы. Небәрі екі жыл оқыған білім ордасында оның үлгерімі жақсы болған. Қатарластарының айтуынша, сурет салуды ұнататын қыз соңғы кездері тұйық жүрген. Алайда,білім ошағының ұжымы қайғылы оқиға болған күні тәлімгерінің оғаш қылығын «байқамадық» деп сендіріп отыр.

"Оқушымыз мамырдың 3-і күні сабақта болды. Ол күні сабақтан кейін үйіне кеткен. Басқа оқушылармен, мұғалімдермен сол күні ешқандай кикілжің болған жоқ. Жақсы көңіл-күймен үйіне қайтты. 4-і күні әкесі бізге хабар берді. Осы қайғылы оқиға жайлы", - дейді РФММ директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Александр Лукашевич.