Бұл картаны терминалға басу арқылы төлем жасай алады.
ERNUR.KZ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев мектептер мен автобустардағы әлеуметтік ID карта туралы айтып берді, деп жазады ҚазАқпарат.
«Әлеуметтік ID – атаулы әлеуметтік көмек алатындардың автобуста жолақы, мектептегі тағам үшін төлем жасайтын картасы. Оның артықшылығы неде? Мәселен, ата-анасы жұмыс істемейтін оқушыға мемлекет тарапынан тегін ыстық тамақ берілуі тиіс. Бұл картаны терминалға басу арқылы төлем жасай алады. Себебі, бұл жүйе әлеуметтік реестрмен байланыстырылған. Барлық оқушыларда бірдей карта болады және өзге сыныптастар баланың тегін ыстық тамақ ішетінін білмейді. Автобуста да осындай ұстаным болады. Онда да жеңілдік беріліп немесе тегін жүруі тиіс бірнеше санатымыз бар», - деді Н.Мұқышев елордадағы Digital Bridge халықаралық форумының 5 CDO Open talks алаңында.
Оның айтуынша, әлеуметтік карталар әзірге Ақтөбе қаласында пилоттық режімде іске қосылған.
«Әзірге 24 бағыттағы 140 автобус осындай форматта жұмыс істеуде. 28 мектептің оқушыларына 21 мыңға жуық әлеуметтік карта берілді. Оған күн сайын бақылау жүргіземіз және күніне 5 мыңға жуық транзакция жүргізіледі. Бұл картаны іске қосудан бөлек, оны тұрғындардың белсенді пайдалануы да біз үшін маңызды», - деді вице-министр.