Әділет министрі шетелге шығуды шектеудің нақты мерзімін айтты

0
1 339

ҚР Әділет министрі Марат Бекетаевтың айтуынша, бұрын сот орындаушылары шектеуді қай кезде алып тастайтындарын өздері шешетін.


Әділет министрі шетелге шығуды шектеудің нақты мерзімін айтты

иллюстрациялық фото: danaeavia.ru

Салық бойынша барлық қарыздар төленсе, шетелге шығуға қойылған шектеуді үш күннің ішінде алып тастауы қажет. Бұл - заңның талабы, деп xабарлайды ERNUR.KZ ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

ҚР Әділет министрі Марат Бекетаевтың айтуынша, бұрын сот орындаушылары шектеуді қай кезде алып тастайтындарын өздері шешетін. Енді, заң бойынша шетелге шығуға шектеуді алып тастаудың нақты мерзімі бекітілді.

«Үш жұмыс күні. Осы уақыттың ішінде шектеуді алып тастауы тиіс. Әйтпесе, бұрын қарыз төленсе де, шектеу бірнеше апта бойы тұратын. Қазір оны алып тастау мерзімі заңмен бекітілді. Максимум үш күн. Одан асып кетсе, сот орындаушыларына санкция салынады», - деді М.Бекетаев xалыққа есеп беру кездесуі кезінде.

Министрдің айтуынша, сот шешімдерін орындау шаралары басталғанда қарыз болған адамға да xабар беріледі. Осылайша, ол өзіне қатысты тиісті шаралардың қолға алынғанын біліп отырады.

«Әйтпесе, ол да үлкен проблема болатын. Адамдар бұрынғы мекен-жайлары бойынша жылжымайтын мүлікке қатысты қарыздың жиналып қалғанын білмей жүре беретін еді. Оны әуежайға барғанда ғана біліп, шетелге шыға алмайтын», - деп атап көрсетті М.Бекетаев.

Айта кетейік, кездесу кезінде министр сот орындаушыларының қызметіне қатысты заң жобасының Парламенттің қарауында жатқанын жеткізді. «Атап айтқанда, сот орындаушыларының қызметіне санкция салуды қысқарту туралы ұсыныс бар. Былайша айтқанда, аталған институтты дамыту шаралары жалғаса береді. Сот орындаушыларын жауапкершілікке тарту тетіктері де қалады. Бірақ өкілеттіліктердің біраз бөлігі соттан сот орындаушыларына беріледі», - дейді М.Бекетаев.