Қаскүнем 11 жыл бірге тұрған жұбайын үнемі ұрып-соққан.
Иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
ERNUR.KZ. Қостанай облысындағы балабақшада азаматтық некедегі әйеліне 22 рет пышақ сұғып, оны бір көзінен айырған 42 жастағы қаскөйге сот үкімі шықты. Судья оны 9 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді, деп жазады Zakon.kz.
Сұмдық оқиға былтырғы жылдың 17-ші қыркүйегінде болған еді. Ішімдікке сылқия тойып алған ер адам жұбайының жұмыс істейтін орнына келіп, әңгімеге тартқан. Алайда онымен байланысқысы келмеген нәзік жан сөйлесуден бас тартыпты. Сол сәтте ашуға булыққан қаскөй келіншектің көзінен ұрып, оны аяусыз пышақтап тастаған. Абырой болғанда, әйел тірі қалған. Сол көзінен айырылған келіншектің бет-әлпеті әбден жараланыпты. Адам шошырлық жағдай кезінде балалар басқа бөлмеде болғаны анықталды. Белгілі болғандай, қаскүнем 11 жыл бірге тұрған жұбайын үнемі ұрып-соққан екен. Бұған шыдай алмаған келіншек күйеуінен кетіп қалуды жөн көрген. Бірақ әйелінің бұл әрекетіне ашуланған азамат, жары басқа ер адаммен көңіл қосқан деп ойлап, одан осылайша кек алмақ болған.
Зардап шегуші Амангелді ауылындағы жекеменшік балабақшада тәрбиешінің көмекшісі болып жұмыс істеген екен. Ерлі-зайыптылардың ортақ бір баласы бар.