Ақмола облысында сары ауру шыққан мектепте карантин жарияланбаған

0
1 702

Ата-аналар балаларын мектепке жіберуге қорқып отыр.


Ақмола облысында сары ауру шыққан мектепте карантин жарияланбаған

ERNUR.KZ. Ақмола облысының Жібек жолы ауылындағы мектепте бір оқушыға сары ауру диагнозы қойылды. Алайда дәрігерлер бұл факті әлі нақтыланбады деп отыр. Өз кезегінде 1000-нан астам бала оқитын білім ордасының ата-аналары дәрігерлерге сенбейді. Сол себепті мектеп уақытша карантинге жабылсын деп талап етуде, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Балаларымызды мектепке жібермейміз. Болмаса карантин жариялаңыздар. Сары ауру шыққан сыныпты басқа оқушыларын да тексерсін. Балалардан сараптама алынсын. Мүмкін араларында ауру қоздырғыштарын тасымалдаушылар да бар шығар?», – деді бір ата-ана.

Бұл – елорда іргесіндегі Жібек жолы ауылының Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы мектеп ата-аналарының талабы. Аталған білім беру мекемесінің оқушысы гепатит А ауруына шалдықты деген ақпар ауыл ішінде тез тарап кеткен. Содан бері көптеген ата-аналар балаларын мектепке жіберуге қорқып отырған көрінеді. Ал, ауданның бас санитары шынымен мұндай диагноз қойылғанмен, әлі дәлелденбегенін алға тартты.

«Тұрғындар бас санитарлық дәрігердің сөзін жоққа шығарып, ватцап желісі арқылы келген хабарламаның рас-өтірігін түсіндіріп беруді талап етті», – деді Ақмола облысы Аршалы ауданының бас санитарлық дәрігері Арман Құрбанов.

«Аршалы аудандық тауарлар мен қызметтер сапасын қадағалау басқармасы А гепатиті диагнозы тіркелгендіктен, аталған мектеп оқушыларының эпидемияға қарсы шаралар кешені жүріп жатқанын айтты. Олай болса сіздер неге бұл ауру жоқ деп жасырып отырсыздар?» – деді бір ата-ана.

Ал, болжаммен сарыауруға шалдықты деген диагноз қойылған оқушының анасы әлі сараптамалардың қортындысы толық шықпағанын айтты. Тіпті, дәрігерлер басқа диагноз болуы мүмкін деген.

«Сараптаманың қортындысы бойынша гепатит А дәлелденген жоқ. Дәрігер өт жолдарына суық тиген деп отыр», – дейді Ләззат Бұлдығұлова.

Осыдан кейін ата-аналар ақпараттың ақ-қарасын ажырата алмай отырғандарын айтады. Мамандар эпидемияға қарсы кешенді шаралар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Алайда оған ауыл тұрғындарының өз уәжі бар. Кентте бірнеше күннен бері су болмаған. Мұндай жағдайда алдын алу жұмыстарын қалай жүргізуге болады деп аң-таң.

«Бұл жерде 15 мың шаршы метр. СЭС айтып отырғандай 2 сағат ішінде бұл жерде залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп шығу мүмкін емес. 3 автобусты да тазалау керек. Су болмаса олар мектепте залалсыздандыру жұмыстарын қалай жүргізгенін түсінбейміз. Анау-мынау емес, 15 мың шаршы метрді. Миға сыймайды. Үйдің өзін жинасаңыз, бір күн жүресіз ғой», – дейді Ғалия Мұхамбетова.

Мектепте бірнеше күннен бері су жоқ. Біз көз жеткізейік деп арнайы тексердік. Шынымен міне, су жоқ. Ал дәрігерлер болса, бүгін ата-аналарға балалары гигиенаны сақтауға кеңес берді. «Егер мектепте су болса олар гигиенены қалай сақтайды» деп ата-аналар налып отыр.

Даудың басы гепатит А-дан басталып, қордаланып қалған мәселелермен аяқталды. Мектептің пайдалануға берілгеніне 8 жылдай ғана уақыт болған. Алайда көктемде жертөлесі суға толып кетеді екен. Салдарынан көртышқандар пайда болуы ғажап емес, дейді ата-аналар. Балаларды таситын автобустардың да жағдайы сын көтермейді. Білім ордасында әлі жылу берілмеген. Оқу жылының басталғанына 1 ай уақыт өтсе де, әлі күнге бірнеше сыныпқа оқулықтар толық таратылмаған. Айта кетейік, биыл аталған мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін бюджеттен 154 миллион теңге бөлініпті.

«Оқулыққа 31 млн.500 мың теңге ақша бөлінді. 16 мың теңге автобусқа бөлінді. Оның барлығы бекітілді. Енді құжаттарды рәсімдеуді күту керек», – деді Ақмола облысы Аршалы ауданы білім бөлімінің басшысы Құралай Юсупова.

Сонымен аудандық білім бөлімінің басшысы гепатит А дәлелденбей мектепте карантин жарияланбайтынын айтты. Екі жақ келісімге келе алмай тарқасты.